Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне «Бір белдеу – бір жол» әлеуметтік жобасы басқармасының президенті, «Хумей Цзянсу» АҚ басшысы Су Хуэйцзюн келді.
Құрметті қонақтар қатарында «Халықаралық бағдарламар орталығы» АҚ «Серпін» Ұлттық жобалар басқармасының басшысы Күлзия Тобатаева болды.
Жұмыс сапары барысында қонақтар стартап-академия мен коворкинг орталықтың жұмыстарымен танысты. Академия басшысы Арнагүл Бүркіт жоғары мектептің толыққанды кәсіпкерлік университет болуына сеп болатын бизнес жобалар мен трендтерді қонақтар назарына ұсынды.
Сондай-ақ, меймандар Ә. Марғұлан атындағы ғылыми орталықтың көп жылғы археологиялық зерттеу материалдарына қанық болды. Бұдан өзге, олар «Дос-мұқасан» ВИА шығармашылығына арналған мұражай экспонаттарын тамашалап, университеттің креативті бұрышына жоғары баға берді.
Еске салар болсақ, «Бір белдеу – бір жол» жобасының концепциясы ҚХР-ның Азия, Еуропа мен Африка мемлекеттері арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін дамытуды көздейді. Бастама ұзақ мерзімге бағытталған. Ескере кетейік, Қытай мен Қазақстан арасындағы өзара әрекеттестікті нығайту мақсатында көптеген даму стратегиялары жасалып, екі елдің білім және мәдениет саласындағы алмасулары қолдау тапты. Жаңа оқу жылынан бастап С. Торайғыров атындағы ПМУ-інде «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан студенттер қытай тілін меңгеріп, ҚХР кәсіпорындарында тәжірибеден өтетін болады.
«Павлодар мемлекеттік университетінде «Серпін» бағдарламасымен білім алушылардың сапалы білім алып, жетістіктерге жетуі үшін бар жағдай жасалған. Біздің мақсат: студенттерге білім беріп қана қоймай, оларды жұмыспен қамтамасыз ету. Олар Павлодар облысының экономикасының дамуына өз үлестерін қосатынына сенімдіміз. Мен студенттердің көздерінен талпыныс пен қызығушылықты аңғардым. Олар өз мақсаттарына жетеді, әлбетте, ЖОО құрамындағы профессор-оқытушылар құрамының қолдауының арқасында», – деді «Серпін» Ұлттық жобалар басқармасының басшысы Күлзия Тобатаева.