Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Жапонияның зерттеуші ғалымы, Phd доктор Токо Фудзимото келді.

Киото университетінің профессоры Токо Фудзимотоның зерттеулері  этнография саласына бағытталған. Ол көптеген жылдар бойы Қазақстандағы қазақ халқының мәдениеті мен тұрмыс тіршілігін, әсіресе, Ертістің Павлодар өңірінің этнографиясын зерттеумен айналысып келеді. Ал С. Торайғыров атындағы ПМУ-іне қонақ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұраларын зерттеу мақсатымен келді.

Мейманның сапары университеттің кешенді экскурсиясынан басталды. Токо Фудзимото археологиялық мұражай қорындағы сирек кездесетін экспонаттар, сондай-ақ, Ә. Марғұлан атындағы ғылыми орталықтың көп жылғы зерттеу материалдарымен танысты. Содан кейін Күншығыс елінен келген профессор Мәшһүр Жүсіп атындағы кабинет-мұражайында болып, белгілі жерлесіміздің рухани-тарихи мұралары мен еңбектеріне қанық болды. 

Т.ғ.д., қауымд. профессор Лаура Жүсіпованың айтуынша, Токо Фудзимотоның ПМУ-іне бұл келуі алғашқы сапары емес. 

«Жапония елінен келген мейманмен жоғары оқу орны 2009 жылдан бері достық байланыста. Сол кездері М.Ж. Көпейұлының еңбектерін зерттеу енді ғана қолға алынған болатын. Кейін ол жұмыстар «Мәшһүр Жүсіп оқулары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда жария болған еді. Бұл жолы Токо Фудзимото Павлодар облысының этнографиясын және энциклопедист ғалым М. Ж. Көпейұлының мұраларын тереңірек зерттеуді мақсат етіп келді», – Лаура Жүсіпова.