Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, С.Торайғыров атындағы ПМУ-нің сәулет және дизайн кафедрасының аға оқытушысы Майса Ықыласова Астана қаласындағы Бейбітшілік және Келісім сарайында Алғыс айту күніне арналған салтанатты шараға қатысты.

«Қазақстан халық Ассамблеясының қоры» АҚ және ҚР Президентінің  «Қоғамдық келісім» РМК-і Қазақстан халық Ассамблеясының мұрындығымен өткен шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Абдықалыкова қатысты. 

Бұл мәдени шараның аясында «Жан жылуы» атты Қазақстан қолөнер шеберлерінің киізден жасалған өнер туындыларынан көрме ұйымдастырылды. Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің сәулет және дизайн кафедрасының аға оқытушысы Майса Ықыласова киізден жасалған сый-кәделер мен ойыншықтарды, ежелгі қазақ дәстүрлеріне сай текеметті жасау техникасын халық назарына ұсынды.

«Ұлттық қолөнерді дамыту ісінде жемісті еңбек етуімізге жағдай жасалғандықтан қолөнершілер көне киіз басу өнерінің керемет туындыларын көрсетіп қана қоймай, жасалу жолдарын көрсететін шеберлік сағаттарын өткізді, айрықша туындыларымен ел назарын өздеріне аударды. Киізді жылы материал ғана емес «халықтар достығының символы» ретінде қабылдаған қонақтар мен қатысушыларды «дала рухы» мен көшпенділердің көпғасырлық дәстүрі баурап алды», – дейді Майса Ықыласова.