С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті ағылшын тіліндегі сөздерді әріптеп дыбыстау бойынша «Spelling Bee» өңірлік байқауында бірінші орынға ие болды.

Байқау АҚШ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық және достық қарым-қатынастың 25 жылдығы құрметіне және қазақстандықтардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеруге бағытталған «Тілдер үшбірлігі» жобасының аясында өтті. 

Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған өңірлік байқауда аймағымыздың жоғары оқу орындары мен бірқатар колледждерінің студенттері қатысты. 

Байқау ережесіне сай финалдық кезеңдерінде қатысушылар сөздерді әріптеп дайындықсыз дауыстап айтып шығуы қажет болды. Байқауда көп сөздерді әріптеп дұрыс дыбыстаған қатысушы жеңімпаз атанды.  

Болашақ биотехнолог, Павлодар мемлекеттік университетінде білім алушы Эльнур Рахматуллин айтулы додада бірінші орынға қол жеткізіп, ағымдағы жылдың наурыз айында Астана қаласында өтетін байқаудың республикалық финалына жолдама алды.  

«Spelling bee» сынды байқаулардың танымалдығы Қазақстанда біртіндеп белең алуда. Алайда, ағылшынтілді мемлекеттерде мұндай сайыстар көп жылдар бойы өткізіліп келеді. Менің ойымша, шетел тілін игеріп жүргендер үшін осы сынды байқаулар ғылыми және көркем әдебиетке қызығушылық тудыруға, сөздік қорын көбейтуге, жалпы сауаттылықты арттыруға және күнделікті өмірге қажетті сөздерді дұрыс қолдана білуге жол ашады», – дейді «Шетел тілі» кафедрасының оқытушысы Самал Әубәкір.