С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханада қазақтың көрнекті ақыны Төлеген Айбергеновтің 80 жылдығына арналған әдеби кеш өтті.

Төлеген Айбергеновтің өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1957 жылдан бастап жарық көре бастады. Ол – қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар, өзінің жалынды жырларымен қазақ әдебиетін байыта түскен ақын. Отыз жасында өмірден озса да, кейінгі ұрпаққа мәңгі азық болатын мұра қалдырған. 

Т. Айбергенов үш кітаптың авторы бола тұрып, халық ақынына айналды. «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968) кітаптары  жарық көрді. 

Оның есімі Оңтүстік Қазақстан облысы мен Астана қаласындағы аудандар мен қалалардың көшелері мен мектептеріне берілді. 

Т. Айбергеновтің шығармашылығынан жас ақындар шабыттанды, поэзия әлеміне кең құлаш ұрды. Ақынның шығармашылығын үлгі еткен талай ұрпақ өсті, жаңашыл бағыттағы ақындардың жаңа легі өмірге келді. Поэзияда оны Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова, Жарасқан Әбдірашев, Есенғали Раушанов, Тынышбай Рахым т.б. ақындар ұстаз тұтты. 

Кеш қонағы, ф.ғ.д., профессор Айтмұхамет Тұрышевтың айтуынша, бүгінгі жаһандану уақытында Төлеген Айбергеновтің өлеңдеріндегі адамдық, сыйластық турасындағы құндылықтар зор маңызға ие.

«Бүгінгі шараға филологтардан өзге, болашақ машинажасаушылар мен энергетиктер қатысуда. Бұл ақынның өлеңдеріне қызығушылық танытушылардың барына айғақ болды. Төлеген Айбергеновтің жырларын оқып отырып, рахаттанасың. Поэзия – бұл философия. Оның адамды емдей алатын күші бар», – дейді  Айтмұхамет Қасымбайұлы.