С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде белгілі ғылым қайраткері, металлургия, машинажсау және көлік факультетінің деканы, техн.ғ.к., профессор Төлеуғазы Тоқтағановтың 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, с.ғ.д., профессор Арын Өрсариев өз құттықтау сөзінде Төлеуғазы Тоқтағановты университет көшбасшысы, нөмірі бірінші декан және өз ісінің кәсіпқой маманы екенін ерекше атап өтті.

– Төлеуғазы Төкілұлы Қазақстанның техника ғылымын дамыта жүріп, бұл саланы өркендетуге көп еңбек сіңірді. Бұған оның жұмыстары айғақ бола алады. Мәселен, оның ғылыми ізденісінің нәтижесі Павлодар индустриалды әрі Алтай политехникалық институттарында, Алтай мотор, Павлодар трактор жасау және Чебоксары агрегат зауыттарында қолданыс тапты, – деп ғалымның еңбектеріне оң бағасын берді университет басшысы.

Мерейтой иесіне Арын Өрсариев «Университеттің құрметті деканы» атағын табыс етті.

Мерейтой иесін белгілі қайраткерлер, әріптестері, факультет түлектері, ардагерлер қауымдастығы, кәсіподақ ұйымдары, өндірістік кәсіпорындар мен еліміздегі жоғары оқу орындарының өкілдері шын жүректен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін арнады.

1987 жылы Төлеуғазы Төкілұлы металлургия, машинажасау және көлік факультетінің деканы қызметіне тағайындалып, бүгінгі күнге дейін осы қызметте табысты еңбек етіп келеді.

Төлеуғазы Тоқтағанов – 100-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың, жиырмаға жуық оқу құралдарының авторы. Төлеуғазы Төкілұлы техникалық терминдерді қазақшаландыру мәселесі бойынша қомақты жұмыстар атқарды. Алғашқы автомобиль саласының орысша-қазақша терминологиялық сөздігі, Көлік және машина жасау салаларының терминологиялық орысша-қазақша түсіндірме сөздіктері ғалымның басқаруымен дайындалып баспадан шықты.

Төлеуғазы Төкілұлы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің іргесін қаласқан ардагер-ақсақалдар шоғырығындағы азаматтар қатарынан көреміз. Өзінің еңбек жылдарында факультеттің жетістігін арттыруға, Ертістің Павлодар өңіріндегі ірі жоғары мектептің машинажасау саласының ғылыми мұраларын сақтап қалуға қолынан келгенінен аянып қалмаған.

Төлеуғазы Тоқтағанов ғылыми өнертапқыштық, ғылыми-әдістемелік жұмыстары мен қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін ПИИ құрмет грамоталарының, «Социалистік жарыстардың жеңімпазы» белгісімен, облыстық халық депутаттары кеңесінің, ҚазКСР-жоғары оқу министрлігінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің грамоталарымен марапатталды, Индустриалды институттың, ҚазССР жоғары оқу министрлігінің, С.Торайғыров атындағы ПИИ-дің сыйлықтарының иегері.

Ол «Еңбектегі қажырлығы» медалімен, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалімен, «КСРО жоғарғы мектебінің үздігі», «ҚР білім саласының құрметті қызметкері», «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Құрметті машина жасаушы», «Құрметті металлург», «Құрметті автокөлікші» төсбелгілерімен, С.Торайғыров атындағы Алтын медалімен, «Павлодар облысына 70 жыл», «Ы. Алтынсарин», «Облыс алдында сіңірген зор еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдерімен марапатталған.

Кеш барысында мерейтой иесінің өнегелі өмірі мен мағыналы еңбек жолы паш етілген бейнефильм көрсетілді. Сондай-ақ, көпшілік назарына «Дарынды ғалым, ұлағатты ұстаз» атты кітап көрмесі ұсынылды.