Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын, сондай-ақ, билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін түсіндіру мақсатымен келді.
Кездесуде жоғары оқу орнының басшылығы, факультет декандары, құрылымдық бөлімдердің жетекшілері, магистранттар мен студенттер қатысты.
Өз сөзінде Бектас Абдыханұлы Президенттің Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы – қоғам үшін жаңа міндеттерді артып оытрған теңдессіз құжат екеніне назар аударды.
«Қазіргі таңдағы қиындықтарды еңсеруге ел экономикасының жағдайы жетеді, және де әлемдегі дамыған отыз мемлекеттің қатарына өту мүмкіндігіміз де бар. Ал Қазақстан бүгінгі күні елу дамыған мемлекеттердің қатарында, енді осы тұғырдан түсіп қалмауымыз керек».
Мемлекет басшысының үндеуіндегі негізгі мәселелерін атап өткен Бектас Абдыханұлы реформа үкіметтің және атқарушы билік жүйесінің жауапкершілігін арттырып, Парламент және Мәслихат алдындағы есепберушілікті қамтамасыз ететінін қадап айтты.
Мемлекет басшысының 40-тан астам құзыреті Парламент пен Үкіметке өтетін болады.
Кездесуге қатысушылар өздерін мазалаған сауалдарына жауап алды. Жалпы, жиылғандар Мемлекет басшысының Жолдауы және үндеуі мемлекеттің дамуына тың серпіліс беретініне сенімді.
Бұдан өзге, қонақ университет жетістіктеріне қанық болды. Бектас Бекназаров жоғары оқу орнының стартап академиясы мен жас стартапшылардың жүзеге асқан жобаларымен танысып, студенттердің стартап академиядағыкәсіпкерлікті игеруін заманға сай білім алудың жаңа қадамы деп баға берді.
Кездесу соңында мейманға «Алау» және «Tafella» жобалары аясында дайындалған өнімдерді сыйға тартты.