Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде металлургия, машинажасау және көлік факультетінің студенттері Мақсат Қапанов пен Валерий Яршуков, сондай-ақ олардың досы Мақсат Теміршот марапатталды. Бұл марапат студенттердің 2016 жылдың тамыз айында бойжеткенді құтқару барысындағы ерліктері үшін табысталып отыр.

Қала көшелерінің бірінде келе жатқан қызды қылмыскер ұстап алып, қылқындырып, кейін сөмкесін ала қаша жөнеледі. Жақын маңайда жүрген  студенттер тонаушыны қуып жетіп, полецейлердің қолына табыстаған. 

«Машфак» студенттерінің ерлігі үшін Павлодар қаласының ішкі істер басқармасының бастығы Б. Байбуриновтың атынан жігіттерді алғыс хатпен марапаттады. «Павлодар қаласының ІІБ басшылығы қылмысты ашуға көмектесу барысында ерлік танытқаны үшін алғыс білдіреді», – делінген хатта. 

Бұл күні ержүрек студенттерді курстас достары мен оқытушылары қолдап келді. Павлодар қаласының ІІБ кадрлармен жұмыс жөніндегі басшысының орынбасары А.К. Күшербаевтың мәлімдеуінше, студенттер қылмыскерді қолға түсіру кезінде азаматтықтың айнымас үлгісін көрсетті. 

Өз кезегінде, даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің атынан бұл ерлігі үшін студенттерге шын жүректен алғысын жеткізді: «Сіздер бүгінгі жастар, ер жігітке тән батыл іске бара алатындарыңды дәлелдедіңіздер».