Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне «Самұрық-Қазына» АҚ және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өкілдері жұмыс сапарымен келді.

Сапар «Менің елім» қоғамдық тыңдалым аясында жүзеге асты. 

Құрметті қонақтар қатарында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, «Самұрық-Қазына» АҚ әлеуметтік жобалар қызметінің жетекшісі Нұрлан Оразалиев,  «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Ерлан Даримов, «Бірлік» жергілікті қауымдастықты дамыту қорының жетекшісі Динара Айтжанова және басқалар болды.  

Кәсіпкерлікті дамыту орталығының жетекшісі Бахтыгүл Қасымова жоғары оқу орнының кәсіпкерлік университет тұжырымдамасын жүзеге асыруда жетекші бағытты ұстануына мүмкіндік беретін трендтер туралы әңгімелеп берді. 

Қонақтар жаңа коворкинг орталықты аралап, ПМУ-дағы стартаптар мен жаңа идеяларға қанық болды. Жас стартапшылар өздерінің іс барысындағы бизнес-жобаларымен таныстырып, болашақтағы жобалардың дамуы туралы баяндап берді. 

Бұдан өзге, қонақтар «Дос-Мұқасан» ВИА шығармашылығына арналған мұражай экспонаттарын тамашалап, оқу ордасының креативті бұрышындағы жұмыстарды бағалады. 

Кездесу соңында қонақтар талантты да талапшыл жастарға алға қойған мақсаттарынан таймай, тың технологиялық жаңалықтардан қалыс қалмауға кеңес берді. Және де, олар университетте сан алуан бағыттағы жаңа идеяларға өмір сыйлау үшін бар жағдай жасалғанын да ескеріп өтті.