С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Психология және педагогика» кафедрасының оқытушылары мен студенттерінің ұйымдастыруымен «Креативтіліктің дамуы» тренингі өтті.

Шараның тренерлері Пс-302 топ студенттері «Көшбасшылық психология және қызметкерлерді басқару» пәнін иегеру барысындағы білімдерін тәжірибе жүзінде көрсетті, шешендік, ұйымдастырушылық қабілеттерін танытты. 

«Осы сынды шараларда студенттер өз-өзіне сенімді бола бастайды,  шешендік өнерді игереді, кәсіби тәжірибе жинақтайды. Көшбасшылық, ерекше ойлау психолог мамандарының жұмысында өте қажет қасиет. Өйткені, олардың еңбектері алуан түрлі мәселелердің шешімін табуға бағытталған», – дейді психология және педагогика кафедрасының аға оқытушысы Ғалия Кодекова. 

Тренинг барысында креативтілік, шешендік өнер, эмоциялық зияткерлік, ерекше ойлау сынды маңызды қабілеттерді  қалыптастыруға және ұштауға бағытталған жаттығулар мен әдістер көрсетілді. 

Ескерер жайт, тренинг 17 қаңтарда тойланатын шабыт және шығармашылық күні қарсаңында өтті.