Дүниежүзілік сапа күні шеңберінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ҚР Инвестиция және даму министрлігі Техникалық және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бас маманы Рустем Ирбатыров студенттермен кездесті.

1989 жылдан бері әлем жұрты қараша айының екінші бейсенбісінде Дүниежүзілік сапа күнін атап өтеді.

Мерекенің мақсаты – көпшіліктің назарын тауар немесе қызметтің сапасына байланысты мәселелерге аудару. 

Кездесу барысында Рүстем Серікұлы өнімдердің таңбалану ережелері туралы баяндап берді. Мәселен, ЕАС (еуразиялық сәйкестік) біріңғай белгісі Кеден одағының техникалық регламентіне сай бағалау сынақтарын өткенін растайды. 

Мұнымен қоса, қонақ  студенттерді ҚР «Бағалы металлдар мен асыл тастар туралы» заң туралы ақпаратқа қанық етті. Заңға сәйкес сатылуға шыққан зергерлік бұйымдарда барыстың басы көмкерілген таңба және уәкілетті мекемелердің кодымен Қазақстанның халықаралық KZ қысқартылған белгісі,  бұйымдарды өндіретін кәсіпорынның баспа таңбасы және өндірушінің аталмыш бұйымға берген атауы таңбалануы қажет. 

Р. Ирбатыровтың айтуы бойынша, бұйымдарды өндіретін кәсіпорынның баспа таңбасының яки сынамалық таңбасының болмауы бұйымның астыртын жолдармен өндірілгенінің белгілерінің бірі саналады.