С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Башқорстанның астанасы – Уфа қаласында өткен сұлулықтың, сымбаттылық пен әртістік шеберліктің ХХV халықаралық «Көктем Патшайымы 2016» байқауында Қазақстанның намысын қорғады.

Байқау «БРИКС және ШЫҰ елдерінің студенттік көктемі» ІІ халықаралық фестивалі аясында өтті. 

Қазақстан, Қытай, ОАР, Өзбекстан, Тәжікстан, Армения, Ресей және Беларус мемлекеттерінің он сұлуы бәске тігілген Көктем Патшайымының тәжі үшін сынға түсті. 

Байқау нәтижесі бойынша қазақстандық ару Айзат «Креатив аруы» атағына лайықты деп танылды. 

Арулар сымбаттылығымен қатар дарындары мен әртістік қабілеттерін де паш етті. Олар сахнада ұлттық киімдерімен кербездене жүріп, кешкі және той көйлектерінің әсемдігін жарыса таныстырды. Сұлулардың бірі  театрландырылған көріністерін сахналап, енді бірі музыкалық және спорттық жетістіктерімен де мақтанды. 

Айзаттың айтуынша, халықаралық деңгейдегі бұл байқау оның өміріндегі жарқын әрі ұмытылмас сәттердің біріне баланды. 

– Мен бұл додаға қатысып, қабілеттерімді өзіме таңсық жаңа ортада сынап көрдім. «Креатив аруы» атанғаным маған тосын болды. Өйткені, қарсыластарымның арасынан бұл атаққа лайықтылар көп болды. Жалпы, байқауға қатысушы қыздардың барлығы – сымбатты, талантты, білімді. Тіпті, біз байқау барысында бір-бірімізбен дос болып та үлгердік. Мен өз басым жеңіске қол жеткізуден гөрі, елімнің, университетімнің намысын жоғары деңгейде қорғап шығуды ойладым, – деді Айзат.