Жуырда британдық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы Еуропаның дамып келе жатқан және Орталық Азия елдерінің (Emerging Europe & Central Asia) университеттері рейтингісінің нәтижесін үшінші мәрте жариялады.

Бакалавриат, магистратура және докторантураның 115  мамандықтары бойынша кадрлар даярлайтын Павлодар мемлекеттік университеті QS нұсқасы бойынша Еуропаның дамып келе жатқан және Орталық Азия елдерінің 200 үздік ЖОО қатарына енді. 

Рейтингке қатысуға 21 елдің 500 университеттері өтініш білдірген. Олардың 300-і бағаланып, 200-і сараланыпты. 44 226 жұмыс берушінің пікірлері және сарапшылардың 76 798 нәтижелері өңделді.   

Сарапшылар жоғары мектептің академиялық ортадағы әрі жұмыс берушілер арасындағы беделіне назар аударып, халықаралық қызметкерлер мен шетелдік студенттер үлесін де ескерді. Бұдан өзге, жоғары оқу орны профессорлық-оқытушылар құрамының ғылыми дәрежесі, университет қызметкерлерінің баспасөзге жариялану белсенділігі, ғылыми жұмыстардың сілтемелік көрсеткіші, ғаламтор ресурстарындағы көрсетілім деңгейі және басқа да бағыттар бойынша сынға алынды.

Аталмыш рейтингке Қазақстанның 18 жоғары мектептері қатысты.