С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің PhD докторанты Ирина Чидунчи Ресей Ғылым академиясының гельминтологтар қоғамдастығының мүшелігіне қабылданды.
И.Ю. Чидунчи РФ ғылыми ұйымдарының федералдық агентігінің К.И. Скрябин атындағы жануарлар мен өсімдіктердің іргелі және қолданбалы паразитологиясының Бүкілресейлік ғылыми-зерттеу институтының (Мәскеу қ.) ұйытқы болуымен өткен «Паразиттік аурулармен күресудің теориясы мен тәжірибесі» атты халықаралық конференция жұмысына қатысты.
Ресей, Украина, Белоруссия, Қазақстанның биология, медецина және ветеринария салаларының белгілі ғалымдары қатысқан ғылыми шараға Ирина Чидунчи Dyplostomum huronense трематодтар бұлшықет жүйесінің ультрақұрылымдық ерекшелігі тақырыбына арқау болған еңбегін ұсынды.
Павлодар мемлекеттік университеті докторантының жұмысы конференция ұйымдастырушыларының қызығушылығын тудырып, ғылыми кездесудің пленарлық отырысында көпке паш етілді. Сондай-ақ, айтулы еңбек «Паразиттік аурулармен күресудің теориясы мен тәжірибесі» жинағында жарияланып, РИНЦ (Ресейлік ғылыми дәйексөздер индексі) дерекқорында индекстелді.
Ресей Ғылым академиясының биологиялық ғылымдары бөлімінің К.И. Скрябин атындағы гельминтологтардың қоғамдастығы Президиумы Ирина Чидунчидің жобасын жоғары бағалап, оны Ресей Ғылым академиясының гельминтологтар қоғамдастығына мүшелікке қабылдады.
Мұнымен қоса, Ирина Чидунчи іс-сапары барысында Ресей Ғылым академиясының А.Н. Северцев атындағы экология және эволюциялық мәселелер институтында өткен америкалық ғалым Robert M. Fagen (University of Ilinois at Urbana-Champaing, Urbana, Ilinois, USA) өткізген экологиялық семинарға қатысып, белгілі ғалымдардың экологиялық және эволюциялық мәселелерін талқылау жұмыстарына белсене атсалысты.