Жуырда С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде компьютерлік ойындар бойынша турнир өтті.

DOTA-2 чемпионатында облыстың және Ресейдің шекаралас қалаларынан келген ойыншылар баптарын сынады.

Қатысушыларға С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде киберспорт – соңғы уақытта танымалдығы белең алып келе жатқан спорт түрі екенін ескерді. 

Көптеген ересек азаматтар бұл ойын түрін денсаулыққа зиянды, мағынасыз және пайдасыз уақыт өткізу деп санайды. Дегенмен, бұл пікірге қарсы болатындай бірқатар деректер де баршылық. 

Есептеу техникасы және бағдарламалау кафедрасының меңгерушісі, техн.ғ.к., професор Олег Потапенконың ойынша, күрделі жүйелерді басқаруды оқыту үшін стратегиялар мен шутерлер қозғаушы бола алады.

– Көптеген мамандық иелері, мәселен, авиадиспетчерлер қатаң күн тәртібіне бейімделіп, табысты жұмыс жасауға қабілетті болуы керек. Бұл олар үшін таптырмас жаттығулар. Сондай-ақ, ойындар жүйелі аналитиканы дамытады, – дейді Олег Григорьевич.

«PVL_TEAM» командасының геймерлері сайыстың жеңімпазы атанып, 50 мың теңгелік қаржылай сыйлықты қанжығасына байлады. Ал «FATE» командасының  киберспортшыларына күміс жүлде бұйырды. «МОМ» тобының ойыншылары үшінші орынды иеленді.