С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қазақ тілі пәнінен студенттер арасында университетішілік олимпиада өтті.
С. Торайғыров атындағы ПМУ қазақ тілі кафедрасы мен студенттер кәсіподақ ұйымы ұйытқы болған олимпиадаға түрлі мамандық бойынша білім алып жатқан өзге ұлт өкілдерінің студенттері қатысты.
Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулинаның айтуынша, олимпиада мемлекеттік тілдің қоғамдық қызметінің маңызы мен қажеттілігін таныту мақсатында және ұлттық құндылықтарымыздың ең негізгі мәні ретінде жылда дәстүрлі түрде университетімізде өткізіліп отырады.
– Олимпиада мақсаты – жастардың қазақ тілін қандай деңгейде меңгергенін сараптау, олардың қазақ тілі мен қазақ өнеріне деген құрметтерін насихаттау, – деп түйіндеді сөзін Айман Файзоллақызы.
Қатысушылар мазмұндама, сұхбат, өнер сайыстары бойынша сынға түсті. Бірінші кезеңде студенттер «Тәуелсіздігімізге – 25 жыл», «Тарихи тұлғалар», «ЭКСПО көрмесінің тарихы», «Салт-дәстүр, әдет-ғұрып – ұлт құндылығы», «Өнер алды – қызық тіл» тақырыптарының біріне монолог дайындады. Екінші турда студенттер белгіленген тақырыптар аясында белгілі бір жағдаят бойынша диалог құрастырды. Ал өнер жарысында қатысушылар прозалық немесе поэзиялық шығармалардан үзінді оқыды, ән айтып, би биледі, драмалық көрініс көрсетті.
Олимпиада қорытындысы бойынша үшінші орынға Мт-102 тобының студенті Кристина Шепинова және БЖД-102 тобының студенті Александр Кузнецов ие болды. Екінші орынды ССМ-102 тобының студенті Виолетта Некрытая еншіледі. Ал бірінші орынды Жур-102 тобының студенті Анастасия Павлюк жеңіп алды.
Жеңімпаздарға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Басқа қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Бірінші орынды жеңіп алған Анастасия Павлюктің айтуынша, сайыс өте тартысты өтті.
– Әрқайсымыз қазақ тілін жақсы меңгергенімізді көрсетуге тырыстық. Менің ойымша, Қазақстан Республикасының азаматы болған соң, қазақ тілін білу – біздің міндетіміз. Сол себепті, мен барша қазақстандықтарды мемлекеттік тілді жетік меңгеруге шақырамын», – деп өз ойын білдірді Анастасия.