С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері республикалық «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға!» атты ядролық жарылысқа қарсы жастар онлайн-форумына қатысты.
Бұл форум Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығының 25 жыл толуына орай Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде өтті.
Форумға еліміздің 17 жоғары оқу орныдары онлайн жүйеде атсалысты. Онлайн жиынға жалпы саны 10000-ға жуық қатысушы қатысты.
Форумға ақын және көрнекті қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының төрағасы Олжас Сүлейменов қатысты. Сондай-ақ, форум жұмысына ведомстволық ұйымдар, ядролық жарылысқа қарсы қозғалыстың өңірдегі филиалдары, жастар ұйымдарының өкілдері белсене атсалысты.
Республикалық жастар антиядролық форумының мақсаты: ядролық қауіпсіздікті арттыру бойынша Қазақстан саясатын жүзеге асырудың механизмдері мен құралдарын әрі қарай дамыту бойынша тәжірибе алмасу және келешекті болжау.
Кездесуде баяндамашылар Қазақстан Республикасындағы ядролық қауіпсіздік саласының ағымдағы жағдайы мен «Невада-Семей» қозғалысының тарихы мен мақсат-мұраттарын баяндады. Сонымен қатар, қатысушылар ядролық қаруды таратпаудың халықаралық жүйесін нығайту бойынша Қазақстан қызметінің нәтижелілігін бағалап, талқыға салды. Және де ядролық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау, қарусыздандыру саласындағы Қазақстанның ғаламдық жетекшілігі мен Қазақстан имиджін халықаралық аренаға көтеру мәселелерін де саралады.
«Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының төрағасы Олжас Сүлейменовтің мәлімдеуінше, бейбітшілік эстафетасы жастарға өтіп, ізгі мұратты көздеген «Невада-Семей» қозғалысының ісі жалғасын таба бермек.
– Енді жастар жалпы ядролық қару атаулыға қарсы шығып, біздің бастаған эстафетамызды жалғастыруы керек. Ядролық қару ұлттық қорғаныс үшін қолданылмауы тиіс. Қару америкалық, ресейлік, қытайлық, ағылшындық, француздық болмауы қажет. Бұл қарудан жалпы адамзаттың жойылып кету қауіпі бар. Сондықтан, сіздер, қазақстандық жастар найзаның ұшы секілді ядролық қаруға қарсы бағытталыңыздар. Сол қадамдарыңыз арқылы «Невада-Семей» қозғалысының жаңа дәуірін бастап, ісін жалғастырасыздар, – деді Олжас Омарұлы.
Мұнымен қоса, Олжас Сүлейменов өз сөзінде «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының жұмысын тиімді жалғастыру мақсатында еліміздің жоғары оқу орындарында қозғалыстың филиалдарын ашу қажеттігін айтып кетті.