С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің жас ғалымы Әлия Алдоңғарова Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының ғылым мен техника саласындағы сыйлығының иегері атанды.
Айтулы марапат мәдениет, ғылым және өнер саласындағы жас дарындарды ынталдандыру мақсатымен жыл сайын табысталады.
Байқау комиссиясының шешімімен PhD доктор, С. Торайғыров атындағы ПМУ «Кәсіптік оқыту және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, сәулет-құрылыс факультетінің ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары Әлия Алдоңғарова ғылым саласындағы табысты зерттеулері мен жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы Қорының сыйлығына лайықты деп танылды.
Ғылыми жұмыс гидротехникалық құрылымына негізгі топырақ деформацияның әр-түрлі ықпал бағытында тұрақтылығын, нығайтуын зерттеуге арналды. Байқауға ұсынылған жобаның тәжірибелік қолданысы мен жұмыс өзектілігі дәлелденіп, жоғары бағаланды.
Әлия Алдоңғарованың 25 халықаралық және республикалық жарияланымдары бар. Ғалым Үндістанда (Ченнай қ., Мумбаи қ.), Непалда (Катманду қ.), Ресейде (Қазан қ., Санкт-Петербург қ.) өткен халықаралық симпозиумдар мен конференцияларға баяндамашы ретінде қатысқан. Ол қашанда ғылыми жұмыстармен қатар қоғамда және университет өмірінде өз белсенділігін танытып жүреді.
Әлия Алдоңғарованың айтуынша, айтулы марапат жеңімпазды ары қарай ғылыми еңбектенуге жетелеп, шығармашылық жұмыстарға шабыт сыйлады
– Бүгінде гидротехникалық құрылғылардың бұзылуы салдарынан біршама экономикалық, әлеуметтік және экологиялық шығын келеді. Сол себепті, менің зерттеу жұмысым құрылғылардың жауаптылығының жоғары деңгейін анықтауға ықпал етеді. Байқауға қоғамға пайдасын тигізетін ғылыми зерттеулер бойынша талдау жасалатынын ескерсек, менің жұмысым ел игілігіне жарап қалар деген үміттемін., – дейді Әлия Қайратқызы.