С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қысқы демалыс кезінде мектеп оқушыларына арналған географиялық фильмдер апталығы бастау алды.
Географиялық фильмдер апталығы С. Торайғыров атындағы ПМУ және Павлодар география үйінің мұрындығымен өтуде.
Әр күні оқушылар география саласына еңбегі сіңген тұлғалар мен туған өлке геогрфиясына қатысты деректерге толы фильмдерді тегін көріп, Павлодар география үйінің мүшелері, өлкетанушылар мен жас географтардың танымды да тағлымды баяндамаларын тыңдап, ерекше географиялық көрмелерді тамашалай алады.
Географиялық апталықтың шымылдығын норвергиялық ғалым және саяхатшы Тур Хейердалдың 1947 жылғы экспедициясы жайындағы «Кон-Тики» (Норвегия) көркем фильмі ашты. Фильм басында Павлодар география үйі қоғамдық бірлестігінің директоры, «Астана» республикалық телеарнасының тілшісі Алесандр Вервекин фильм туралы қызықты деректер және саяхатшы Тур Хейердалдың өмірі мен саяхаттары жайында әңгімелеп берді.
Сондай-ақ, оқушылар көрсетілімнің соңында Тур Хейердалдың өзі жазған еңбектері мен ол туралы жазылған кітаптар, баспа материалдары, Осло қаласындағы Бюгдей түбегіндегі «Кон-Тики» музейінен әкелінген естеліктер ұсынылған көрмені тамашалады.
Қысқы демалыс күндері оқушылар назарына «Эверест» (АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия) көркем фильмі, қазақтың белгілі шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уалихановтың ғылыми еңбектері мен өміріне арқау болған «Ұлы тұлғалардың ұлы құпиялары. Шоқан Уалиханов» (Қазақстан) деректі фильмі, Би-Би-Си ұсынған «Жер планетасы» (Ұлыбритания) деректі фильмі және «Ертіс күніне арнау – ұлы өзен туралы» және «Қаз қонақ: кеше, бүгін, ертең» (Қазақстан) атты деректі фильмдер ұсынылатын болады.
«Бұл жобаның балалар үшін тиімділігі зор. Себебі, географиялық фильмдер көрсетілімінің басты мұраты – оқушылардың туған өлкесінен бастап бүкіл планетамызды танып-білуге бағытталып отыр. Таным арқылы олардың өз еліне, жеріне деген сүйіспеншлігі арта түсетіні сөзсіз», – деді Александр Вервекин.