EXPO-2017 көрмесіне волонтерларды дайындау орталығы және Әлеуметтік-волонтерлық орталығының жас еріктілері Кенжекөл ауылындағы отбасылық үлгідегі балалар үйлерінің тәрбиленушілерін Жаңа жыл мерекесімен құттықтап қайтты.
С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында орналасқан ЕХРО-2017 халықаралық көрмесіне волонтерларды дайындау орталығы жұмыстарының бағыттарының бірі – әлеуметтік тәжірибе жинақтау болып табылады.
Жас еріктілер Жаңа жыл қарсаңында балалар ауылында орын тепкен әр шаңырақта қонақ болып, бүлдіршіндерге мереке сыйлады. Жаңа жылдық жырлар, ән тратулар мен әсем билер, сыйлықтар мен жүрекжарды тілектер –мерекелік отбасылық таңның шырайын келтіріп, балдырғандардың көңіл-күйін көтеріп тастады.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері жас қонақтарға қатты қуанды. Кішкентай балдырғандар жаңа достарына ерекше қуанып, өздері жайлы, сүйікті істері мен сабақтары туралы әңгімелей жөнелді. Бірі сүйікті ойыншықтарын таныстырып, енді бірі отбасымен бірге безендірген жаңа жылдық шыршаларын көрсетіп әлек.
– Біз балаларға бауыр басып қлдық. Олармен өткізген уақыт өте қызықты болды. Сондықтан олармен тағы кездескіміз келеді. Жалпы адамдар туысқандық, ағайындық қарым-қатынасқа мұқтаж жандарға қашанда уақыт таба білсе жақсы болар еді. Бүгінгі кездесудің негізгі мұраты да осы болатын, – дейді С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың студенті, EXPO-2017 көрмесіне волонтерларды дайындау орталығының волонтеры Валерия Джембетова.
– Біз «балалар үйінің тәрбиленушілерінің өнегесіз, қатыгез» деген қоғамда жиі айтылатын қауесеттің шындыққа жанаспайтынына көз жеткізіп қайттық. Олар да басқа балалардай жаңа жылдық таңғажайыпқа сеніп, жанындағылардан түсінушілік пен мейірімділік күтеді. Өйткені, ата-ананың қамқорынсыз қалған бүлдіршіндер достық пен туыстық құндылықтарды шын қадірлейді, – дейді С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың студенті, EXPO-2017 көрмесіне волонтерларды дайындау орталығының волонтеры Торғын Қайдарова.