Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында ұйымдастырылған Зияткерлік олимпиадада С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің құрама командасы бас жүлдені жеңіп алды.
Ертістің Павлодар өңірінде алғаш рет өткен Зияткерлік олимпиадасын «Павлодар облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы» ММ-нің қолдауымен «Кенжекөл жастары» қоғамдық бірлестігі және Павлодар облысының Жас ғалымдар кеңесі бірлесіп ұйымдастырды.
Білімділер олимпиадасына өңіріміздің С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Екібастұз инженерлік-техникалық институты және Инновациялық Еуразия университеті студенттерінен жасақталған құрама командалар қатысты.
Олимпиада мақсаты жастар бойында жаңаша ойлау қабілетін дамыту, ғылыми негізделген техникалық шешімдерді шығару және сын тұрғысынан ойлау дағдыларын қалыптастыру болып табылады.
Зияткерлік олимпиаданың ерекшелігі тапсырмалар қатысушыларға алдын ала беріледі, әр команда олимпиада барысында өз тұжырымдары мен пайымдарын ортаға салып, оны ғылыми тұрғыда дәлелдеп, қорғап шығуы тиіс.
Білім жарысының қорытындысы бойынша «New Universal Researches (NUR)» атты ПМУ командасы бірінші орынға ие болды. Команданың құрамында С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Мж-401 тобының студенті Арыстан Ергебаев, Физ-401 тобының студенті Ерасыл Жарылғасым, ИС-402 тобының студенті Ерболат Тажкеев, ТТ-202 (қ) Валерий Есаулков, НГД-302 тобының студенті Атабек Чимпулатов жарысқа түсті.
Аталған шараның модераторлары С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Механика және мұнай-газ ісі» кафедрасының меңгерушісі, хим. ғ.к., доцент Ғайни Сейтенова және Павлодар облысының Жас ғалымдар кеңесінің төрағасы Сағыныш Нүркімбаев болды.