С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Ғылыми жобалардың бағалау жүйесі мен қаржыландыруы» атты семинары өтті.
Семинар жұмысына «Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптау ұлттық орталығы» АҚ басқарама төрағасы Асанбай Жұмабеков және С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев қатысты.
Айтулы семинардың мақсаты – мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүйесін дамыту, ғылым саласындағы құқықтық нормативті актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу және ғылыми этиканың дамуы жөнінде талқылаулар мен түсіндірулер жүргізу.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, бүгінде ғылыми жобалардың гранттық қаржыландаруы ел ғылымын дамытудың маңызды қадамдарының бірі саналады.
– Гранттық қаржыландыру ғылыми кадрлардың әлеуетін артыратыны белгілі. Сондықтан да қаржыландыруды, сараптамалық жүйені неғұрлым қарапайым етсек, ұтарымыз да мол болады, – деді Арын Амангелдіұлы.
Семинар барысында Асанбай Жұмабеков қазақстандық ғылым саласының беталысы, ғылым саласындағы құқықтық-нормативті құжатардың кемшін тұстары мен ғылыми жобалардың ғылыми-техникалық сараптамадан өту жолдары және ғылыми этика мәселелері турасында сөз өрбітті. Кездесуде қонақ Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары мен жас ғалымдарына ғылыми зерттеу жобасының сараптамадан өтуі мен қаржыландыруына байланысты ақпар беріп, келелі кеңестерінен де аянып қалмады.
Асанбай Жұмабеков ғылыми жобаларды талап бойынша жан-жақты сараптаудан өтетінін айтып, ғылыми жұмыстың бағалануына тоқталды.
– Қазіргі таңда ғылыми жобаларды жалпыға ортақ бағалаймыз. Дегенмен, экономикалық бағыттағы жұмысты су тазалайтын құрылғы жобасымен бір деңгейде бағалауға келмейді. Біз жұмыстар гуманитарлық, экономикалық, техникалық. т.б. бағыттар бойынша жеке бағалануы тиіс деп есептеймін, – деді Жұмабек Құдайбергенұлы.
Бүгінгі кездесуде қонақ ғалымдардың көкейінде жүрген сауалдарына жауап беріп, гранттық қаржыландырудың мәні мен мазмұнын түсіндіріп берді.