Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!» атты республикалық ақындар айтысы өтті.
Павлодар мемлекеттік университеті мұрындық болып отырған студенттер арасындағы ақындар айтысына еліміздің жоғары оқу орындарының жас айтыскерлері қатысады.
Өңірімізде алғаш рет өтіп жатқан студенттер арасындағы ақындар айтысына Астана, Алматы, Қарағанды, Семей, Арқалық, Павлодар, Қостанай жоғары оқу орындарының айтыскерлері бақтарын сынады.
Жастар айтысына Қазақстан Жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, «Ертіс дидары» газетінің редакторы Арман Қани, С. Торайғыров атындағы ПМУ Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы және этнографиясы ҒПО директоры, филос.ғ.к., доцент, профессор Амантай Құдабаев, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі, «Найзатас» журналының бас редакторы Ғалымбек Жұматов, С. Торайғыров атындағы ПМУ ф.ғ.д., профессор Айтмұхамет Тұрышев, Республикалық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері, айтыскер ақын Қуанышбек Шарманов қазылық етті.
«Айтыстың мақсаты бүгінгі жастарды отаншылдыққа, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеуді, жас ақындардың шығармашылық қабілеттерін ашып, ынталандыруды көздеді. Халықтың алтын мұрасы – айтыс өнерін насихаттап жүрген Павлодар мемлекеттік университетіне алғысымды білдіремін», – деді Арман Бақтанұлы.
Айтыстың бас жүлдегері семейлік жас айтыскер Серік Қуанған атанды. Бірінші орынды павлодарлық Абзал Қабдраш иеленді. Ал екінші орынды қанжығасына байлаған астаналық Нұрғанат Қайрат болды. Астананың намысын қорғаған Сырым Әуезхан үшінші орынға ие болды.
Сондай-ақ, С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің арнайы жүлдесі қарағандылық Мұхтар Әділовке бұйырды.
Жас ақындар сайысының бас жүлдегері Серік Қуанғанның айтуынша, айтыс жоғары деңгейде өтіп, өз мұратына жетті.
– Бүгінгі дода осал болған жоқ. Мағжан атамыздың «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, мен жастарға сенемін!» сөзін арқау еткен сайыс еліміздің кіл мықты жас ақындарының басын қосты. Ал осындай жыр додасына ұйытқы болған шаңыраққа алғысым шексіз, – деді жеңімпаз.