С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Балалар ПМУ-де қонақта» әлеуметтік жобасы бойынша Павлодар қаласының отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушілерін қонаққа шақырды.
Жобаның мақсаты – Павлодар қаласындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйі тәрбиеленушілеріне көмек көрсету және әлеуметтік бейімдеу.
Әлеуметтік жобаның бастамашысы – «Психология және педагогика» кафедрасының оқытушысы Ирина Коровайко. Оқытушының жетекшілігімен гуманитарлық-педагогикалық факультеттің «Әлеуметтік жұмыс» мамандығының студенттері семестр бойы «Әлеуметтік жобалау» пәнін оқыды және әлеуметік жобадағы жобалау және моделдеу концепциясы мен теориясын игерді.
Ирина Коровайконың айтуынша, аталған курс оқу пәндері құрамына кіреді, осы курспен әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандарды кәсіби даярлауы аяқталады.
– Әлеуметтік жұмыс жөніндегі болашақ мамандар курсты оқу қорытындысында әлеуметтік-жобалау қызметін ұйымдастыру бойынша өз дағдыларын көрсетуі қажет. Әлеуметтік жобаны әзірлеу жөнінде түрлі ұсыныстар қарастырылды, алайда олардың біреуі ғана таңдалды. Ол жобаның концепциясы – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету еді, – деді Ирина Владимировна.
Жоба аясында студенттер балаларға университетті таныстыру саяхатын және балалар үйінің кітапханасына кітаптар жинауды ұйымдастыру туралы шешімге келді. Студенттер формальды іс-шаралармен шектелмей, олар тәрбиеленушілер үшін өздері сыйлықтар жасады және жаңажылдық сыйлық ретінде үлкен аққала жасап берді.
Павлодар мемлекеттік университеті мұражай кешеніне жасаған экскурсиясы балалардың көңілінен шықты. Сонымен қатар, балалар университет кітапханасында болып, студенттердің сабаққа қалай дайындалатындарына куә болды. Балалар дәрісхана залдарын, асхананы, «Электр энергетикасы» кафедрасының зертханасымен танысты. Университет бойынша экскурсиядан балалар тамаша әсер алды. Олардың көңілдері көтеріліп, үлкен қуанышқа бөленді. Алайда, балаларға жасалған қызық мұнымен аяқталған жоқ, экскурсия соңында тәрбиеленушілердің бәріне жаңажылдық сыйлықтар табысталды. Мұнымен қоса, олар жаңажылдық сүйікті мультфильмдерін тамашалады. Әсіресе, балаларға студенттер қолымен жасалған үлкен аққала қатты ұнады.
Өткен іс-шара балалар үйінің тәрбиеленушілеріне ғана қуаныш сыйлаған жоқ. Жобаға қатысушы студенттердің көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беру қажеттілік қана емес, зор қуаныш екеніне көздері жетті.