Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттерімен «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті, белгілі журналист әрі аудармашы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, БАҚ саласындағы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты Сауытбек Абдрахманов кездесті.
Құрметті қонақ университеттің гуманитарлық-педагогикалық факультетінің профессорлық-оқытушылар құрамы және студенттермен кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауының мақсат-мұраты, қазақстандық журналистиканың дамуы мен келешегі, «Егемен Қазақстан» газетінің келешекке жоспары мен бағыт-бағдары жайында сөз өрбітті.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев студенттерге Сауытбек Абдрахманов кәсіби еңбегі мен қайраткерлігі туралы баяндап берді.
– Қырыққа жуық көркем фильмді қазақшалап, В. Солоухиннің, Д.Кабалевскийдің шығармаларын, арабтың Бейбарыс сұлтан туралы халықтық романын, В. Гюгоның «Аласталғандары» кітабын аударған. «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» атты қос томдық қазақ поэзиясы антологиясының құрастырушы авторы. Бұл – оның еңбектерінің біразы ғана. Дегенмен, бүгінгі қонақ қазақ журналистикасына ғана емес, ҚР Тұңғыш Президентінің саяси белестерін бағындырған сәттерін жариялауда да зор еңбек сіңірді, – деді Арын Амангелдіұлы.
2000 жылдан бастап Сауытбек Абдрахман еліміздің басты, республикалық «Егемен Қазақстан» мерзімдік басылымын басқарып келеді. Ол – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, БАҚ саласындағы ҚР Президенті сыйлығының лауреаты. Б. Бұлқышев атындағы Жастар сыйлығының, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Жыл журналисі» (2006) атағын алған, филология ғылымының докторы, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы Ұлттық кеңесінің мүшесі. Сонымен қатар, Сауытбек Абдрахманұлы – С. Торайғыров атындағы ПМУ Құрметті профессоры.
Ол өз сөзінде университетке келген жұмыс сапарында С. Торайғыров атындағы ПМУ жастар арасында рухани-адамгершілік пен Қазақстанның мәдени мұраларын үгіттеуде зор үлес қосып жатқанын атап өтті.
– «Егемен Қазақстан» газетінің 96 жылдық тарихы бар. Бүгінде газет «Ел газеті» деген брендке, атауға ие болып, ғасыр бойы халықтың көңілінен шығып келеді. Осы жылдар ішінде «Егемен Қазақстанды» қазақтың Сәкені, қазақтың Бейімбеті, қазақтың Жүсіпбегі, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев сияқты ұлы тұлғалар басқарды, – деп ел басылымы туралы ақпар берді жастарға Сауытбек Абдрахманұлы.
Сондай-ақ, белгілі қонақ студенттерге «Егемен Қазақстан» газетінің келесі жылғы жоспарлары мен айдарлары туралы да сөз қозғады. Майталман журналист студенттерге өзінің кәсіби тәжірбиесімен бөлісіп, жас тілшілерге қазақ тілінің байлығын қадірлеуге және жастардың жиі ұшырасатын қателіктерін қаперлеріне тоқып жүруге кеңес берді.
Келелі кеңестерге, тұщымды ой-пікірлерге, тағылымды естеліктр мен танымды әңгімелерге толы кездесу соңында Сауытбек Абдрахманұлы С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті кітапханасына Н. Назарбаевтың «Өмір өткелдері» кітабын сыйға тартты.