С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Бизнес және білім беру» тақырыбын арқау еткен жастар бизнес-бастамаларының форумы өтті.
Форумға Астана, Алматы, Семей және еліміздің басқа да қалаларынан келген жастар, бизнес серіктестер, мемлекеттік орган өкілдері, табысты кәсіпкерлер қатысты.
Шара бизнес және білім берудің серіктестігі мен жастар кәсіпкерлігінің дамуы, жеке бизнесті ашу мүмкіндігі мен бизнесті жүргізу қабілетін ұштау, аға буын өкілі жастарға кәсіпкерлік әрі менеджмент тәжірибесін бөлісу мақсатын көздейді.
Форум шеңберінде С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында Enactus Kazakhstan өңірлік өкілдігі ресми ашылды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев өз сөзінде университет қабырғасында ашылған Enactus Kazakhstan өңірлік өкілдігі студенттердің іскерлік, әлеуметтік ұстанымдарының анықталуына және бизнес алаңына нақ қадам жасауына ықпал етеді деді.
– Бүгін Enactus студенттік жастардың кәсіпкерлігін дамытуды көздеген ұйымның солтүстік аймақтағы алғашқы өкілдігін ашып отырмыз. Бұл танымал халықаралық студенттік ұйым студенттердің арманының орындалуына себепші болады, олардың кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастырып, бизнеспен айналысуына шабыт беріп, жас кәсіпкерлер арасында түрлі байқаулар, тренингтер өткізеді. Ал мұндай игілікті істерге бастамашы болатын ұйымның бізде ашылғанына қуаныштымыз, – деді Арын Амангелдіұлы.
Форум жұмысына Enactus Kazakhstan Президенті Альбина Ержанова, Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы, «Нефтехим LTD» ЖШС директоры Ерлан Кұсанов, Павлодар облысы «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ аймақтық филиалының директоры Ерқанат Әбенов, Павлодар облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры орынбасары Бақытжан Ілиясова қатысты.
Кездесудің ресми бөлімінде Альбина Ержанова Enactus Kazakhstan директорлар кеңесінің атынан Enactus дамуына қосқан үлесі үшін С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсаривке алғысын білдіріп, естелік марапатты табыс етті.
Мұнымен қоса, шара аясында көпшілік назарына «Печа-куча» форматындағы «Менің кәспкерліктегі жолым» атты бизнес-жобалардың көрмесі ұсынылды.
Форум барысында шеберлік сыныптар, интербелсенді сессиялар, бизнес-жобалардың сараптамасы, бизнес идеялардың байқауы, старт-ап батлдар, таныстырылымдар өтті.
Бұдан өзге, Enactus бизнес серіктестері «EcolocoPro» бас директоры Мұрат Ілиясов бизнес және нарықты түсіну төңірегінде, Қазақстандық БАҚ-ты қолдау және дамыту қайырымдылық қорының атқарушы директоры Балжан Бейсембекова жобаларды сапалы жүзеге асыру туралы шеберлік сыныптар өткізді.
Форум бизнес-ойындар, бизнес-кейс, Enactus бизнес-серіктестерімен бірге стер-сыныптар мен старт-ап батлдар өткізумен жалғасады.
Ал форум жұмысын келесі күні болатын бизнес идеялар байқауы тәмамдайды.