С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері «Ардагерге көмек» акциясы шеңберінде еңбек ардагері Наталья Геннадиевна Чаплинскаяның үйінде болып, ардагердің үй шаруасына көмек көрсетті.

Жастар Павлодар мемлекеттік университетінде 30 жылға жуық еңбек еткен жалғызбасты қарт ардагерге көмектесуге ниет білдірді. Павлодар мемлекеттік университетінің белсенді жастары демалыс күніне қарамастан, Наталья апайдың үй шаруасына қолғабыс етті. Студент жастар еңбек ардагерінің үй шаруасына көмек қолдарын созуға өте қуанышты болды. Студенттер ардагер тұратын үйдің ауласын қардан тазалап, көмірін қораға тасып енгізді, үй шаруасының басқа да жұмыстарын атқарды.

Шараны ұйымдастыруға қатысқан С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың Қазақстан студенттер альянсының төрағасы Айдар Мұратов: 

– Соғыс және еңбек ардагерлеріне қол ұшын беру жастар үшін жауапты міндет. Біз өңірдегі соғыс және еңбек ардагерлеріне Қарттар күні қарсаңында ғана емес, жыл бойы көмек көрсетеміз. С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері, Қазақстан студенттер альянсының мүшелері мен университетіміздің еріктілері көмекке мұқтаж азаматтарға қолғабыс болуға және олардың тұрмыс жағдайларын жақсартуға әрдайым дайын. Осындай шаралар барысында студент жастар аға буынның алғысына бөленіп, олардың өнегелі әңгімелерін тыңдап, ақыл-кеңестеріне құлақ асады. Ардагерлерге құрмет көрсету жастар үшін абыройлы міндет, – дейді.