С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің кітапханасында қазақтың көрнекті қаламгері Ілияс Есенберлиннің туғанына 100 толуына арналған оқырман конференциясы болып өтті.
Оқырман конференциясы Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық айтулы даталарына арналды.
Конференцияның мақсаты дарынды жазушы, талантты драматург, халық таныған классик қаламгер Ілияс Есенберлиннің әдеби мұрасын насихаттау.
Биыл қазақтың қарымды жазушысының 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде де аталып өтуде.
Конференция жұмысында ПМУ-дың «Бірлік» атты студенттік Ассамблея белсенділері, оқытушылары мен академик Бейсембаев атындағы ғылыми кітапхана қызметкерлері қатысып, қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығын талқылады. Жазушының көңіл сарайы мен ізденіс жолы туралы сыр шертетін шағын бейнефильмді тамашалады.
Шараға қатысушылар қаламгердің шығармашылығы туралы ой-пікірлерін ортаға салып, Ілияс Есенберлиннің басқа қа¬ламгерлерден басты ерекшелігі неде деген сауалға жауап іздеді. Оқырмандар бірауыздан қаламгердің ерекшелігі - оның батылдығы мен қайтпас қайсарлығында. І.Есенберлин ешкімнен тайсалмастан тарихи тақырыптарды көтерді. Оның Хан Кенені кітабының бас кейіпкері етіп алды. Сондай-ақ, жазушы алғашқылардың бірі болып, қазақ хандығы туралы шындық деректерді Отан мен елге деген шексіз махаббатпен жазды. Оған дәлел жазушының «Алтын орда», «Көшпенділер», «Алмас қылыш» туындылары деген қорытындыға келді.
Кітапхана меңгерушісі Елена Лиханованың айтуынша, І.Есенберлин – қазақ әдебиетінің зор табысы және мақтанышы. Көрнекті қаламгердің туғанына 100 жыл толған мерейтой Қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келуі де бекер емес.
І.Есенберлин жұртшылыққа алғашқыда ақын ретінде танылған. 1945 жылы «Сұлтан», «Айша» дастандары жарық көрді. Одан кейін «Адамгершілік туралы жыр» өлеңдер жинағы, «Большевик туралы поэма», «Біржан сал трагедиясы» дастандарын оқырманына ұсынды. 1960 жылдардан қаламгер проза жанрында қалам тартып, «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл» атты повестерін жария¬лады. 1960-70 жылдары қаламгер «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас», «Көлеңкеңмен қорғай жүр» көлемді туындылары мен «Көшпенділер» трилогиясын, «Аманат» романы, «Алтын орда» трилогиясы мен «Махаббат мейрамы», «Алыстағы аралдар», «Аққу құстың қуанышы» романдарын жазды.
2015 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы жыл кітабы болып танылды.