С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өңірдің финн-угор этномәдени бірлестігінің мәдениеті таныстырылды.
Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналды.
Іс-шараның мақсаты аймақтағы фин-угор халықтарының мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын көпшілік назарына таныстыру, қоғамдағы татулық пен ұлтаралық келісімді нығайту болып табылады.
ҚХА Павлодар облысының фин-угор бірлестігін кеңінен таныстыру шарасын ұйымдастыруға С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Бірлік» студенттік Ассамблеясы мүшелері белсенді атсалысты.
Кеш шымылдығын ашқан Павлодар мемлекеттік университетінің тәрбие және әлеуметтік мәселелер департаментінің директоры Қайрат Ашенов сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамдағы бірлік пен келісімді қамтамасыз етуші маңызды институт екенін атап өтті. Ол:
– С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың студенттік Ассамблеясының этномәдени бірлестіктермен тығыз ынтымақтастығы арқасында студенттер қауымы финн-угор халықтарының мәдениетімен жақынырақ танысу мүмкіндігі туды, – деді.
Өңірдің финн-угор этномәдени бірлестігінің өкілдері С. Торайғыров атындағы ПМУ ұжымы мен студенттер қауымына мазмұнды да қызықты бағдарлама дайындап, ана тілдерінде ән салды, өлең оқыды, ұлттық билерін көрсетті. Сонымен қатар, қонақтар көрермендерді фин-угор халықтарының балық пен жидектен жасалған ұлттық тағамдарынан дәм татқызды.
Кеш қонақтары – финн-угор бірлестігінің өкілдері С. Торайғыров атындағы ПМУ-ға естелікке марий және удмурт қуыршақтарын сыйлады.
Павлодар облысының финн-угор этномәдени бірлестігінің төрайымы Ольга Николашина:
– Фин-угор халықтары тобына 31 этнос кіреді, олар марийлер, венгрлер, пермяктар, удмуртар және тағы басқа көптеген ұлттар. Павлодар өңіріндегі біздің бірлестігіміз ағымдағы жылдың мамыр айында құрылған болатын. Осы аралықта біз көптеген іс-шараларға қатыстық. Ал, бүгін еліміздің жетекші университеттерінің бірі – С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өз бірлестігімізді таныстырғанымызға өте қуаныштымыз. Алдағы уақытта біздің бірлестіктің жастар қанаты белсенді студенттермен толығып, түрлі шараларды бірлесіп атқаратын боламыз деген үміттемін, – деді.