С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлкеттік университеті Студенттер күніне орай жастар «Веналық балын» өткізді.
Жастар балы С. Торайғыров атындағы ПМУ Қазақстан студенттері альянсі мен оқу орданың тәрбие және әлеуметтік мәселелер департаментінің мұрындық болуымен өтті.
Сәнді киінгіен дебютанттар XVIII ғасыр мәнері мен рухында өткен би балының салтанаты мен шырайын келтірді. Өткен күннің еншісінде қалған дәстүрлер мен әдепті, сұлулық пен өнерді паш ететін веналық балда қатысушылар классикалық бидің таңғажайып әлеміне есігін ашты. Олар полонез, менуэт, павана, француздық кадриль билерін мың бұрала билеп, көрген көзге қуаныш сыйлады. Бұл кеште сері бекзадалар мен сұлу бойжеткендер веналық ертегі кейіпкеріне айналады.
Классикалық би өнерінен бөлек қатысушылар тарих, әдебиет және музыка арқылы балдың шығу тарихына үңілді. Сондай-ақ, дебютанттар қонақтардың веналық бал өткен дәуірді сезінуі үшін көпшілік назарына ертегіге толы дәуірді, веналық балдың тарихы мен ерекшеліктерін арқау еткен театралды қойылым ұсынды. Олар театр өнерінің трагедия, драма және комедия жанрлары бойынша актерлік шеберліктерін паш етті.
Мұнымен қоса, кеш бағдарлмасында Павлодар мемлекеттік университетінің өнерлі студенттері де өнер көрсетті.
Ал кеш соңында балдың ханзадасы мен ханшайымы жария етіліп, тәж кигізу рәсімі ерекше салтанатпен өтті. «ПМУ ханзадасы мен ханшайымы» атағына Жанат Сәкенов пен Мадина Рамазанова лайықты деп танылды. Ал «Көрермен көзайымы ханзадасы мен ханшайымы» атағы Мақсат Набиев пен Айда Хамзинаға бұйырды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Қазақстан студенттер альянсі төрағасы Айдар Мұратовтың айтуынша, балды өткізудегі мақсат – Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері сапалы білім алумен қатар шығармашылық бағытта жан-жақты дамуы.
– Жаңаның бәрі – бір кездері ұмытылған ескінің көзі. Сондықтан, бүгінгі заманауи заманда бұрынғы өткен дәуірден жеткен дәстүрлердің құндылығы басым болады. Бүгінгі кеште сымбатты ханзадалар мен сұлу ханшайымдардың билері ақсүйектік талғамның, әдемілік пен сән-салтанаттың көрінісін айшықтады, – дейді С. Торайғыров атындағы ПМУ Қазақстан студенттері альянсінің төрағасы Айдар Мұратов.