С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Бірлік» студенттік Ассамблеясын Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов қоғамдағы бірлік пен бейбітшілікті нығайтуға үлес қосқаны үшін алғыс хатпен марапаттады.
Үстіміздегі жыл еліміз үшін мерейлі даталармен есте қалмақ. Атап айтқанда, «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы», «Ата Заңымыздың 20 жылдығы» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы».
Осы айтулы шаралар қатарындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын қорытындылау аясында Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов аймақтағы Ассамблеяның белсенді жастарын марапаттады. Солардың қатарында С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Бірлік» студенттік Ассамблеясының жастары да бар.
Ағымдағы жылы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттік Ассамблеясы жастарға қазақстандық отансүйгіштік рухты дарыту мақсатында ондаған іс-шаралар өткізді. С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Ассамблея жастары өңірдің этномәдени бірлестіктері мүшелерімен бірлесіп «Татулық» атты сұхбат алаңын ұйымдастырып, университеттің «Білік» газетінде «Ассамблея шаңырағы астында» айдарын жүргізіп, Ассамблея сабақтарын өткізуге бастамашы болды. Сонымен қатар, университеттің Студенттік Ассамблеясы өңірде алғаш рет Қазақстан Республикасындағы этникалық бұқаралық ақпарат құралдарының презентациясын өткізді. Студенттік Ассамблеясының мүшелері аймақта өтетін «БІРЛІК-ЕДИНСВО.KZ» халықаралық форумына да белсенді қатысып келеді.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Бірлік» студенттік Ассамблеясының төрағасы Рамиль Смаилов: «2015 жылы студенттік Ассамблея үшін жеңісті болды. Қазіргі таңда Павлодар мемлекеттік университеті ректоры Арын Өрсариевтің тапсырмасы бойынша әр факультетте Ассамблея ұйымын құру жұмысы қарқынды жүргізілуде», – дейді.