С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжат Павлодар облысының мемлекеттік органдары үшін мемлекеттік қызмет мамандарын даярлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, дамытуға көзделген. Бұл келісім негізінде Павлодар мемлекеттік университетінің білім алушылары «Мемлекеттік қызмет мектебі» жобасына қатысады. Студенттер қосарлы білім беру бойынша мектепте тағлымдамадан өтіп, кәсіби біліктілігін арттыра алады.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, бұл құжат болашақ мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби тәжірибе жинақтауына зор септігін тигізеді.
– Бүгінгі күні жаңа заманғы мемлекеттік қызметкердің үлгісі қалыптасып келеді. Келешегін мемлекеттік қызметпен байланыстырғысы келген студенттер «Мемлекетттік қызмет мектебінде» еліміздің ертеңгі күнгі әділ қоғамын жасауға ықпал ететін маман болуға үйренеді деп сенемін, – деді университет басшысы.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысы Денис Шәкенов Қазақстан Республикасының 2015 – 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жайында баяндады. Сондай-ақ, қонақ студенттерге агенттіктің қызметі, халықаралық тәжірбиелер, сыбайлас жемқорлықпен күресудің мемлекеттік саясаты, қоғамның жемқорлықпен күресу әрекеттері турасында әңгімелеп берді.
Халыққа қызмет етуді өзіне міндет санаған қонақ өз сөзінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың маңызы зор екенін айтты.
– Мемлекеттің және қоғамның барлық салаларында жемқорлықпен күресудің тиімді жолдарын қолдану керек. Өйткені, жемқорлықсыз қоғам – ертеңгі гүлденген мемлекеттің негізі және экономикалық өсудің кепілі, – деді Денис Владимрович.
Студенттер Денис Шәкеновке мазалаған сауалдарын қойып, тағылымды жауаптар алды. Нәтижесінде кәсіби кеңеске негізделген ұтымды диалог орнады.
Сонымен бірге, екі жақ кездесу барысында сыбайлас жемқорлық тақырыбындағы жас суретшілер мен мүсіншілердің үздік жұмыстары байқауының көрмесі Павлодар мемлекеттік университетінде өтуі және университет қабырғасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерін зерттеу орталығының ашылуы туралы талқылады.