С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Жастар ісі жөніндегі комитеті «Қуан сәби» қайырымдылық шарасы шеңберінде Павлодар облысы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері арасында спорттық лазертаг ойындары бойынша турнир өткізді.
Бұл спорттық шараны өткізуге Lazer Сlub EXTREM өкілдері қолдау көрсетті. Балалар арасында турнир өткізу идеясы отбасылық үлгідегі Шақат балалар үйінің директоры Ғабиден Оңғаровқа тиесілі.
– Мен С. Торайғыров атындағы ПМУ жастар ісі жөніндегі комитетіне алғысымды білдіремін. Олар әрдайым Шақат балалар үйін қолдап, танымды да тағылымды шаралар өткізуді әдетке айналдырған. Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері келгенде балалар үшін үлкен мереке болады, – дейді Ғабиден Сарыбайұлы.
Lazer Сlub EXTREM директоры Елена Устинованың айтуынша, жетімдерге қайырымдылық жасау – қайырымды іс.
– Жастар ісі жөніндегі комитет белсенділері осы турнирді өткізуге ұсыныс білдіргенде, біз бірден келісім бердік. Өйткені, біз үшін бәрінен де маңыздысы балаларды қуанышқа бөлеп, олардың жүзінен шаттық күлкісін көру, – деп бөлісті ойымен Lazer Сlub EXTREM директоры Елена Устинова.
Еске салай кетейік, 2010 жылдың маусым айынан бері республикалық «Қуан сәби» қайырымдылық шарасы бастау алған болатын. Бұл шара балалар үйіндегі сәбилердің өз отбасын табуға және қоғамда жетімдік мәселесін көтеруге бағытталған.
Спорттық лазертаг турниріне Павлодар қаласының, Кенжекөл, Шақат, Шербақты ауылдарының балалар үйлерінің командалары қатысты. Мұндай ойындар командалы рухты сезінуге, қырағылық пен алғырлыққа үйретеді.
Турнир нәтижесі бойынша Кенжекөл ауылы мен Павлодар қаласының балалар үйінің командалары жүлделі орындармен қанжығаларын майлап қайтты.
Жеңімпаздарға Lazer Сlub EXTREM ақшалай сертификаттар табыс етті. Бұл сертификат оларға кез келген уақытта лазерлік клубта спорттық лазертаг бойынша турнир өткізуіне мүмкіндік береді.
Мұнымен қоса, барлық қатысуышларға Павлодар мемлекеттік университетінің жастар істері жөніндегі комитеті атынан дипломдар мен тәтті сыйлықтар ұсынылды.
– «Жетім көрсең жебей жүр» демекші, Жастар ісі жөніндегі комитет белсенділері бүгінгі іс-шара арқылы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көтеріңкі көңіл-күй мен жарқын естеліктер сыйлағысы келді. Облыс төңірегінде бірінші рет өткізіліп отырған бұл шара ары қарай өз жалғасын табады деген үміттеміз, – деді Павлодар мемлекеттік университетінің жастар істері жөніндегі комитетінің төрайымы Ақбота Сарыбай.