Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Сәулет және дизайн» кафедрасының ұстазы Майса Ықыласова Әбу-Дабиде өтетін халықаралық фестивальге қатысады.
Әлемнің сегіз мемлекеті қатысатын фестивальдің басты мақсаты – әлем халықтарының өнерін, шығармашылығын, қолөнерін таныстырып, мәдени әріптестік орнату. Биылғы жылдың 15 қарашасынан басталып 25 желтоқсанына дейін жалғасатын шеберлер мерекесіне Қазақстаннан 50 өкіл қатысады. Солардың қатарында Павлодар мемлекетік университетінің оқытушысы Майса Ықыласова да бар. Ол әлемнің шебер қолөнершілері бас қосқан фестивальге 30-ға тарта жеке туындысын апара жатыр.
Майса Ықыласова шығармашылықпен айналысып қана қоймай, студенттерге сабақ береді. Шеберлік сағатына шәкірттермен қатар ұстаздар қауымы да қызығушылықпен қатысады. Студенттер әзірге киіз басудың ең қарапайым түрін игеруде. Олар жүннен жұмсақ ойыншықтар, кәдесыйлар, декоративті бұйымдарды жасайды. Жас шеберлердің ішінде келешекте бұл кәсіпті әбден меңгеріп, табыс көзіне айналдыруға бел буғандардары бар.
Баяғыда текеметті тек қана ою-өрнекпен әшекейлеген. Майса Ықыласова кескіндеме түрінде жасап отыр. Бағзы заманнан келе жатқан ұлттық өнеріміз енді Әбу-Дабиде өтетін қолөнер шеберлері көрмесінің төрінен орын алып, туристердің назарына ұсынылатын болды.
Қолөнер шебері Майса Ықыласова халықаралық деңгейдегі көрме жұмысына өте үлкен жауапкершілікпен дайындалды.
– Біз тек қана өнерімізді көрсетіп қоймаймыз, бүкіл Қазақстанның болмысын көрсетеміз. Сонымен бірге, сонда жиылған жұртқа қазақтың кім екенін, қолөнерін таныстыруға мүмкіншілігіміз болады, – дейді шебер.
Майса Ықыласованың айтуынша, қойдың биязы жүнінен көп нәрсе жасауға болады. Бұл табиғи материалдан түймеден бастап баспана тұрғызуға болады.