С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде студенттік КВН лигасының фестивалі өтті.
Фестивальге С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты, Инновациялық Еуразиялық университетінің көңілді тапқырлар клубы командалары және Павлодар жастар құрамасы қатысты.
Әзілкештердің өнерлеріне «Ертіс» аймақтық КВН лигасының чемпионы, «Астана» аймақаралық КВН лигасының және Омбы өңірі КВН лигасының қола жүлдегері Алина Гайнетдинова, Жастар жобасы Павлодар лигасының бағдарламалары және халықаралық КВН одағының «Ертіс» аймақтық КВН лигасының үйлестірушісі Евгения Ерохина, Халықаралық КВН одағының «Ертіс» аймақтық КВН лигасының чемпионы, «КВН – Сібір» орталық лигасының финалисті, Павлодар облысы КВН құрамсының қатысушысы Николай Семечкин, «Ертіс» аймақтық КВН лигасының директоры әрі бас редакторы Александр Сорока қазылық етті.
Көңілді тапқырлар клубының әзілкештері қоғамдық түйткілдерді қырағы әзілмен сынап, зілді мәселелерді көтерді. Олар сахналық әзілдерімен көрермен мен әділқазылар алқасына түйдек ойлар тастап қана қоймай, көтеріңкі көңіл-күй сыйлай білді. Әзіл сүйер қауымға командалар шынайы күлкі мерекесін сыйға тартты.
– Биыл КВН лигасы университетте жаңғырып келеді. Бұл тек ойыншылардың қалауынан туындап қана қоймай, С. Торайғыров атындағы ПМУ басшылығы тарапынан да қолдау тапқанының нәтижесі,– дейді С. Торайғыров атындағы ПМУ факультеттерінің құрама командасының капитаны Дмитрий Шевчук.
Әзіл мерекесі соңында әділқазылар ИнЕУ-дің «Ничоси» командасының ойыншысы София Рейнге «КВН аруы», С. Торайғыров атындағы ПМУ командасының ойыншысы Александр Серебренниковке «КВН сұлтаны» атағын берді.
Ең көңілді КВН командасы ретінде Павлодар мемлекеттік университетінің құрама командасы танылды, ең жігерлі «Twix» командасы атағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының әзілкештеріне бұйырды. Ал ең тапқыр команда атағын ИнЕУ-дің көңілді тапқырлары еншіледі. Сондай-ақ, «3G» КВН-нің жарық командасы ретінде ИнЕУ әзілкештері дараланды.