С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің «Орындаушылық өнер» кафедрасының білім алушыларына Джоакино Россини атындағы консерваторияның профессоры Евгения Дундекова шеберлік сыныбын өткізді.
«Орындаушылық өнер» кафедрасының студенттері мен магистранттарына Джоакино Россини атындағы Пезаро консерваториясының профессоры, халықаралық сайыстарының жүлдегері, әлемге танымал опера әншісі, қойылым-опера режиссері Евгения Дундекова шеберлік сыныбын өткізді. Ол Павлодар мемлекеттік университетіне шетелдік ғалымдарды шақыру бағдарламасы аясында келді.
Опера сахнасының жұлдызы Жапония, Түркия, Зальцбург, Италия, Польша, Оңтүстік Корей, Грекия, т.б. мемлекеттерде халықаралық шеберлік сыныптарын өткізіп, халықаралық байқаулардың әділқазысы ретінде қатысып тұрады.
Евгения Дундекова өз сөзінде С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттерінің әншілік өнерді халықаралық деңгейде меңгере алатынына мүмкіндіктер барын айтып өтті.
– Мен жер шарының көп елдерінде болдым, көп шеберлік сыныптар өткіздім. Ал қазақстандық жастар – өнерлі, дарынды, бастысы, музыкаға деген махаббаты бар, рухани мүмкіндіктері де жеткілікті. Тек олар өз алдына көп оқып, кәсіби жетілуді мұрат етуі керек. Ал біз өз тарапымыздан оларды қолдап, үйретіп, өнерлерін ұштауымыз қажет.
Өнертану ғылымдарының кандидаты, халықаралық ақпараттандыру академиясының корр.мүшесі, С. Торайғыров атындағы ПМУ орындаушылық өнер кафедрасының меңгерушісі Данияр Мерғалиевтің айтуыныша, Италияның опера жұлдызы Евгения Дундекованың университетке кезекті мәрте келуі біздің студенттердің өз салаларында біліктіліктерін арттыруға таптырмас мүмкіндік.
– Біздің өзара ынтымақтастық «Сыртқы академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша табысты болады деп сенемін. «Орындаушылық өнер» кафедрасының студенттерін Италияға 1 семестрлік оқуға жіберуді жоспарлап отырмыз, – деді Данияр Мерғалиұлы.
Қонақ С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорымен, оның жаңа бастамашыл ойларымен танысып, университеттің жас дарындарын оқытуға қашанда қуанышпен келетінін айтып, ағынан жарылды.
Студенттер опера отанынан келген әншіден сабақ алуға құштар. Өйткені, шетелдік ғалым студенттердің әрқайсысының жеке қабілеті мен ерекшелігіне мән бере жұмыс жасайды. Бұл әдіс жас өнерпаздардың өзіндік шеберліктерін шыңдауға, кәсіби біліктіліктерін арттыруға сеп болады.