С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне Италия мемлекетінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Стефано Раваньян келді.
Павлодар мемлекеттік университетінің 55 жылдық мерейтойы қарсаңында оқу ордамызға қонақ болып келген елші университетке аяқ басқан бұл сапарын екі елдің білім-ғылым саласындағы ынтымақтастығын дамыту әрі нығайту деп бағалады.
Стефано Раваньян мырза өз сөзінде Қазақстан Республикасының жоғары білім беру саласына оң бағасын беріп, білім жүйесі жаңа реформалаудан өтіп, жаңа өзгерістерге ашық екенін айтты.
Сондай-ақ елші мырза университеттің Италия жоғары мектептерімен ғылым-білім, инновациялық зерттеулер мен жобалар бойынша әріптестік байланыста бола алатынын жеткізді.
– Бұл бағытта «Эразмус+», «Көкжиек – 2020» бағдарламалары арқылы академиялық ұтқырлық бойынша Италияда тағлымдамадан өтіп қана қоймай, білім алушылар өздерінің инновациялық жобаларын ұсынуға мүмкіндік алады. «Көкжиек – 2020» бағдарламасы Еуропалық одақтың қаржыландыруымен жүзеге асуда. Осы сынды бағдарламалар өз кезегінде қазақстандық және италияндық жоғары мектептер арасындағы ғылым-білім байланысын нығайтуға ықпал етеді деп сенемін, – деді Стефано Раваньян мырза.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев өз сөзінде екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы білім және ғылым кеңістігін арттыру бойынша Павлодар мемлекеттік университеті өз тарапынан серіктестікті нығайтуға даяр екенін жеткізді.
– Алдағы жылдары студенттер мен магистранттарымыз Италияда білім алуы үшін, оларға италиян тілін үйрететін тағылымгерді қабылдап, тіл үйренуге кірісеміз. Университет Италияның жоғары оқу орындарымен білім және ғылыми байланысты дамытуға дайын, – деді Арын Амангелдіұлы. Мұнымен қоса, университет ректоры бүгінгі кездесуді оқу орда үшін Италиямен жаңа әріптестік белеске қадам басқан тарихи сәт деп баға берді.
Елші С. Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасына келген сапарын университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен ғылыми ұжымының тәжірибелері мен жұмыстарымен танысып, еңбектерін жоғары бағалады.
Кездесу соңында білім алушылар мен профессорлық-оқытушылар құрамы құрметі қонаққа тікелей сауал қойып, Италияның білімі мен ғылымы, спорты, мәдениеті мен өнері туралы мәліметтерге қанық болды.