С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде КСРО халық сәулетшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген сәулетшісі, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық сәулет академиясының академигі, профессор Қалдыбай Монтахаевтың құрметіне арналған дәрісхананың ашылу салтанаты өтті.
Дәрісхананың ашылу салтанатында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев, сәулет және құрылыс факультетінің деканы Марат Кудерин, Павлодар қаласының құрметті азаматы Қазбек Омаров және ардақты жерлесіміздің жары Жібек Рамазанқызы қатысты. Сонымен қатар, Қалдыбай Монтахаевтың замандастары, достары мен әріптестері де болды.
Шара барысында сөз алған Арын Амангелдіұлы ғалымның жасап кеткен еңбектері бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге, мәңгі өшпес тарихи із екенін атап өтті. «Павлодар Ертіс өңірі қашанда ғұлама, ғалымдардан кенде қалған өңір емес. Қалдыбай Жұмағалиұлы соның бір жарқын дәлелі. Оның еңбегін бағалап, құрмет көрсету - біздің қасиетті борышымыз», – деді университет басшысы. Ал Қазбек Омаров Қалдыбай Жұмағалиұлының еңбек жолы мен шығармашылығынан терең сыр шертетін дәрісхананың білім алушы студенттерге пайдасы мол болатынына сенім білдірді. Сонымен бірге, ардагер сәулетішінің өміріне қатысты көптеген тағылымды жайттар айтылып, жиналған жұртшылыққа өмірбаяны таныстырылды.
Шара соңында көпшілік назарына Қалдыбай Монтахаев жайлы түсірілген деректі фильм көрсетілді.
Қалдыбай Жұмағалиұлы 1997 жылдан бастап елордамыз Астанада көптеген зәулім ғимараттардың жобасымен айналысқан Оның тікелей қатысуымен көптеген ғимараттар бой көтерді. Атап айтсақ: ҚР Президентінің резиденциясы, Министрлер кабинетінің әкімшілігі, Конгресс-холл Парламент ғимараты, Астана қаласы аэропортының инфраструктурасы және т.б.