С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті мен MOST жас кәсіпкерлер клубы өзара түсіністік меморандумына қол қойды.
Қол қою рәсіміне С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев пен Қазақстанның жас кәсіпкерлер клубының негізін салған әрі жеткшісі Павел Коктышев қатысты.
Айтулы құжат бойынша еліміздегі және өңірдегі кәсіпкерлік ахуалды зерттеуге, жастар арасында арнайы шаралар арқылы кәсіпкерлік туралы пікір қалыптастыруға және бірлескен оқу бағдарламаларын құруға, сараптама жасауға жол ашылады.
Бұл кездесу университет сутуденттері мен магистранттары үшін Қазақстанның жас кәсіпкерлер клубының ұйымдастыруымен өткен стартап турмен жалғасыты. Жас кәсіпкерлер клубы елді аралап үздік бизнес-жобалармен танысу мақсатында StartupNomad Тур сапары аясында Қазақстан мен Орталық Азияның қалаларын аралауда. Әрбір қалада Қазақстан және шетелдік тәжірибелі менторлар мен сарапшылар пікір-таластар, шеберлік сыныптар өткізеді.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің айтуынша, бұл жоба жастарды кәсіпкерліктің жаңа белесіне көтереді. «Жастардың көбісі бұл күні өздерінің алғашқы жасаған жобаларын таныстырып, сарапшылардан ұсыныстар, басқа да қатысушылардан есті кеңестер алды. Білікті мамандардан алған ақпараттар, кеңестер олардың болашақта өз ісінің шебері болуына сеп болары сөзсіз», – деді Арын Амангелдіұлы.
Шараға сарапшы ретінде MOST жас кәсіпкерлер клубының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның жас кәсіпкерлер клубының негізін салған әрі жеткшісі, Даму және экономикалық саясат институтының директоры, Global Shapers қауымдастығының (Дүниежүзілік экономикалық форумның ұсынысы) Алматылық хабының кураторы, Қазақстандағы кәсіпкерлік ғаламат апталығының ұйымдастырушысы Павел Коктышев қатысты.
Шара барысында үздік бизнес-тәжірибелер, дәрістер, кездесулер, сарапшылардың қатысуымен шеберлік сыныптар, білікті мамандардың кеңестері берілді. Тұсау кесер (таныстырылым) үшін идеялардың көзкөрімділігі, маркетинг және өнім яки қызметті өткізу тақырыптарында тренинг өтті.
Сондай-ақ, сарапшылар қатысушыларға бизнесті жобалау және ол жобаны тартымды етіп жеткізу, оның жолдары мен сырларын жеткізіп, және бизнесті шынайы бағалауды, сараптамлық жұмыстар жүргізуді де үйретті.
Ал кездесудің краш-тест бөлімінде Стенфорд әдісі бойынша бизнес құрудың қысқаша курсы өтті. Сондай-ақ, сарапшылар бизнес-жобаларды краш-тест арқылы сынады. Қатысушылар инвесторлармен кездесу ұйымдастырып, питчинг (қаржыландыруға дайын инвесторларға арналған қысқаша тұсау кесер) жасауды талқылады.
StartupNomad Тур байқауына С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен магистранттарынан 83 өтініш түсті. StartupNomad Турды қорытындылайтын StartupNomad Форумында инвесторлар алдында тұсауы кесілетін үздік стартап-жобаларды іріктеліп алатын болады.
Шара соңында StartupNomad Тур бағдарламасына қатысқандарға сертификаттар табыс етілді.