Сочи қаласында Қазақстан мен Ресей елдерінің аймақаралық ынтымақтастығының ХІІ Форумы аясында өткен ІІІ Жастар экономикалық форумына С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің магистранттары қатысты.
Форум ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, жастар ісі жөніндегі Федералды агенттігі, Ресей жастарының «Халықаралық жастар орталығы».
Форумға қатысушы жас ғалымдар түрлі агроөнеркәсіптік тақырыптарға арналған жобаларды ұсынды. Олардың арасында «Өсімдік шикізатын қолдана отырып функционалды ет өнімдерін жасау және зерттеу» тақырыбында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің агротехнология факультетінің магистранттары Байтемірова Зарина және Горецкая Юлия өз жобаларын ұсынды.
Аталмыш жоба «Биотехнология» кафедрасының меңгерушісі Исаева Құралайдың жетекшілігімен осы кафедрада жасалған. Жоба ет өндірісінде қолдануға арналған, емдік-профилактикалық қасиеті бар, тағам талшықтарының жоғары құрамдылығы бар паштет өнімдерін алуды қамтамасыз етеді. «Жоба тұсаукесері өте сәтті өтті. Біздің жұмысымыз ресейлік әріптестеріміз арасында үлкен қызығушылық тудырды. Алдағы уақытта бірлесіп үлкен жобаларды іске асырамыз деген ойдамын», - дейді жоба жетекшісі.
Форумның негізгі мақсаты – екі елдің аймақаралық ынтымақтастығын дамыту. Жас мамандар, ғалымдар мен студенттер және Қазақстан мен Ресей елдерінің жастар ұйымдарының өкілдері азық-түлік қауіпсіздігі, сонымен қатар сауда-саттық пен экономика, ғылым мен техника салалары бойынша ынтымақтастық мәселелелері талқыланды. Форумға жастар ұйымдарының 150-ге тарта өкілдері қатысты.
Форумының бағдарламасы шеберлік сыныптардан, пленарлық отырыстар мен болжам-сессиялардан тұрды. Networking форматында қатысушылар кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жобаларының көрмесін тамашалады.