С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша білім алып жүрген студенттермен кездесу өтті.
Кездесу барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев білім ордадағы материалдық-техникалық базаның күн санап артып келе жатқанынан өзге басқа өңірлерден келген студенттердің жайлы қоныстануына жағдай жасалғанын атап өтті. «Серпін – 2050» бағдарламасымен оқуға түскен талапкерлер толығымен жатақханамен қамтамасыз етіледі. Мұнымен қоса, қазіргі уақытта жаңа жатақхананың құрылысы аяқталуда.
«Нұр Отан» ХДП облыстық партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айзада Құрманова өз сөзінде жастарды нарыққа қажетті мамандықтар бойынша сапалы білім алуға шақырды.
Ал Павлодар облысының ҚХА жастар бірлестіктері үйлестіру кеңесінің төрайымы Элина Паули жиналған бірінші курс студенттеріне этномәдени орталықтардың жұмысымен таныстырып, жастарды қазақстандық патриотизм мен төзімділікке тәрбиелеу мақсатында алдағы уақытта болатын жастар фестивальдері мен Павлодар мемлекеттік университетімен бірге өткізетін шаралар турасында баяндап берді.
Кеш соңында Павлодар облысы «Замандас» ардагерлер клубының төрағасы Қабидолла Шәкарімов жастарға өз елінің мақтан етер әрі жауапты азаматы болуына тілек білдіріп, әкелік ниетін жеткізді.
Сонымен қатар, оңтүстік аймақтардан келген жастар Павлодар өңірінен алған әсерлерімен бөлісті. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне оқуға келгендеріне дән риза екендерін айтып, ректорға өз тараптарынан алғыстарын білдірді. Кездесу соңында университетіміздің ең үздік әрі қоғамдық жұмыстарда белсенді студенттері марапатталып, оларға дипломдар табысталды.