С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде американдық ақын Мишель Чан Браун «Танымал бол: эпикалық поэманы жазу жолдары (Уолт Уитменнің ізімен)» атты тақырыпта семинар өткізді.
Семинарға университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы, студенттер қатысты. Ағылшын тілінде өткен семинар барысында ағылшын тілі мен әдебиетінің өзекті деген мәселелері талқыланып, әдебиеттегі көркем сөз, шешендік өнер сынды мәселелер де сөз болды. Сонымен қатар, студенттер көкейіндегі сұрақтарын қойып, дәріскермен ашық диалог алаңына түсті. Көркем сөзді ту етіп ұстаған студенттерді әсіресе бүгінгі күндегі ағылшын немесе еуропа әдебиетіндегі жаңа бағыт, туындап жатқан жаңа жанр және ХХІ ғасырдағы шетел әдебиетінің ең өзекті мәселері сияқты сұрақтар қызықтырды. «Адамдардың шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында мен Қазақстанның он бірге жуық қалаларына сапар шегетін боламын. Бұл сапар америкалық әдебиетті жақын танығысы келген қазақстандықтармен байланыс орнатуға мүмкіндік тудырады», – дейді ақын.
ХІХ ғасыр тұсында америкалық әдебиетке жаңа леп, тың жаңалық әкелген Уолт Уитменнің өмірі мен шығармашылығы да семинар қатысушылары үшін өте қызықты болды. Мишель Чан Браун американдық ақынның поэзиясын қазақтың ұлы дала ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармаларымен салыстыра отырып таныстырды. Оның айтуынша, ақын Абай мен шетел әдебиетінің көрнекті өкілдері Уолт Уитмен, Эмили Дикинсон сынды ақындар арасында ұқсастықтар бар. Аталмыш ақындардың баршасы да өз шығармаларында туған жері мен халқының болмыс-бітімін кең ауқымды түрде жырлаған. Бұл үш әдеби тұлғаның бәрі де өз дәуірінде әдебиеттің даму бастауында тұрған айтыстан бастап, Кэньё Уэст пен бүгінгі қазақша хип-хопқа дейінгі аралықты қамтитын әдеби тілге тың жаңалықтар әкелген жандар. «Ақындардың барлығы да өз халқының тұрмысын танытуды бәрінен маңызды санаған. Бүгінгі жастар да әдебиет пен өнер әлемді жақсы жағына қарай өзгерте алатынына сенуі керек», – дейді Мишель Чан Браун.
Руфина Торпищеваның фотосы