С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті TOEFL ағылшын тілін меңгерудің стандарттық тесттін өткізу құқығына ие болды.
С. Торайғыров атындағы университетінің ректоры Арын Өрсариев Educational Testing Service (ETS) ұйымының жетекшілерімен кездесіп, Павлодар мемлекеттік университетінің базасында TOEFL ағылшын тілін меңгерудің стандарттық тестін өткізу турасында келіс-сөз жүргізді.
ETS ұйымының мұраты білім берудің мүмкіндіктері мен сапасын қамтамасыз етуді көздейді.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариевтің мәлімдеуінше, мұндай жетістік университет үшін ғана емес, Павлодар облысы үшін зор жетістік.
– Ағылшын тілді жоғары оқу орындарына оқуға қабылдану үшін талапкерлер осы тестті өту керек. Енді міне, TOEFL тестін қабылдау үшін, ұзаққа сабылмай, Павлодар қаласында, Павлодар мемлекеттік университетінде тапсыруға болады, – деді Арын Амангелдіұлы.
АҚШ пен Канаданың 2400 колледждері мен университеттеріне түсу үшін TOEFL сертификатына қолжеткізу қажет. Сондай-ақ бұл тест жоғарғы оқу мекемелерінде, бизнес-құрылымдарда, басқа да ағылшын тілді мемлекеттердегі ғылыми орталықтар, және де әлемнің 150 елдерінде мойындалады. Мұнымен қоса, TOEFL оқу гранттарын ұсынатын үкіметтік құрылымдардың, халықаралық ұйымдардың және дүниежүзі бойынша лицензиялар мен сертификаттар табыстайтын ұйымдардың тілді игеру деңгейін бағалау үшін де қолданады.
С. Торайғыров атындағы ПМУ халықаралық ынтымақтастық департаменті басшысы Ақмарал Қаиырбаеваның айтуынша, білім алушылар үшін TOEFL тестінің университет базасында өтуі өте тиімді.
– Болашақта АҚШ пен Канаданың жоғары мектептеріне оқуға түсуді жоспарлаған С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері мен магистранттарына бұл таптырмас мүмкіндік. Олар университет қабырғасында оқып жүріп, тесттен өту мүмкіндігіне ие болады, – деді Ақмарал Қанатбекқызы.