С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті студенттік филармониясының өнерпаздары «Аялы алақанның мейірі» атты қайырымдылық науқанын өткізді.
Жас қайырымдылық жасаушылар «Мұрагер» қайырымдылық пансионаты, Павлодар облысының қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйі тұрғындарының көңілдерін өздерінің концерттік бағдарламасы мен сый-сыйяпаттарымен шуаққа бөлеп қайтты. Қайырымдылық концерттің көрермендері өнерпаздардың шырқаған лирикалық әндері мен әуезді музыкалық композицияларына, мың бұралған бишілердің өнеріне тәнті болды.
Ал С. Торайғыров атындағы ПМУ студенті волонтерлық қызметті өмірге деген ерекше көзқарасы мен сезімталдықпен қабылдайды. Өйткені, жастар волонтерлық қозғалысы қиналған жанға мейірім шуағын шашқысы келген, тағылымды да жарқын өмірді таңдаған студенттерді бір арнаға тоғыстырды.
Көптеген студенттер қолдауға шын мұқтаж жандарға қол ұшын беру туралы ойларына алар ме екен? Ал «Аялы алақанның мейірі» науқанына қатысқан жастардың кейбірі үшін бұл кездесу университеттегі жаңа өмірдің бастауы болса, бірі үшін қайырымды істерді жасауға шабыт сыйлады.
«Бүгінгі ерекше көрермендеріміздің жанарынан алғыс пен шаттықты көріп, өзім қуанышқа бөлендім. Егер де кімде-кім көмекке зәру адамдарға көмектескісі келсе, олардың көзінен ризашылық пен риясыз махаббаты көргісі келсе, біздің волентерлық қозғалысқа қосылуына болады. Бұл сезімді сөзбен жеткізу қиын», – деп қуанышымен бөлісті гуманитарлық-педагогикалық факультеттің студенті Гауһар Мұса.
Қарттар үйінің әлеуметтік жұмыстары бойынша жетекшісінің орынбасары Ғалия Жабағина қарттарды қоғамнан оқшаулауға болмайтындығын айтады. «Денсаулығы сыр берген 96 жасқа жеткен кейуана мен ақсақалдардың ертеңгі күннен күтері жақынының қамқорлығы, аялы алаққанның мейірі мен өзіне деген құрмет қана», – дейді Ғалия Мырзабекқызы.
С. Торайғыров атындағы ПМУ жастар ісі комитеті төрайымының айтуынша, бұл науқан жастарды үлкенді құрметтеуге, қайырымдылық, мейірімділік жасауды бойына сіңіріп, тәрбиелеуге бағытталып отыр. «Шындығында келгенде, күнделікті өмірде жанымыздағы адамға көтеріңкі көңіл-күй сылау үшін көп іс жасамаймыз. Ал бүгін волонтерлер көңілі қаяу қарияларға, жабырқау жүрген балаларға қуаныш, бақыт, мереке сыйлады, сол жасағанынан өздері де бақытқа бөленуде», – деді Ақбота Сарыбай.