С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Айман Зейнулина және кафедраның аға оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі Баян Қожахметова Семей қаласының Қазақ инновациялық гуманитарлық - заң университетінде өткен аймақтық ғылыми конференцияға қатысты.
Конференция «Қазақ даласындағы Ресей мемлекеті бекіткен заңдар және Қазақ елінің құқықтық жүйесі мен сот қызметі, билер дайындаған ережелер (ауылдық, болыстық және төтенше билер сотының жұмысына қатысты), Абай Құнанбайұлы жазған «Қарамола» ережесі т.б. заңдардың Қазақ елінің құқығы мен билер сотын жаңғыртуға қосқан үлестері» тақырыбында өтті.
Конференция Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу шеңберінде өткізілді және Жоғарғы Сот ағымдағы жылдың қыркүйек айында өткізетін «Қазақ құқығы мен билер сотының төрелігі – қазақ мемлекеттілігінің феномені» тақырыбындағы халықаралық ғылыми конференцияға дайындық болып табылады.
Іс-шараға ҚР-ның Жоғарғы Соттың судьясы Ә. Құрықбаев, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Д. Әміров, облыс прокуроры Б. Тайымбетов, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Т. Жұмағұлов, ШҚО мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары К. Баделхан, Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстық соттарының судьялары, Семей қаласының әкімі А. Кәрімов, құқықтанушы-ғалымдар, А. Еспенбетов, Г. Баеркенова, Е. Буланов, К. Тастекеев, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ оқу орындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияда Жоғарғы Сот судьясы Ә. Құрықбаев, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті кафедрасының меңгерушісі, ғылым докторы Ғ. Есімов, Абай атындағы Қазақ ҰПУ кафедрасының меңгерушісі, профессор, М. Қойгелді, әдебиеттанушы – ғалым А.Еспенбетов, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор А.Ф. Зейнулина, С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Б.Р.Қожахметова сондай-ақ сот төрағалары мен судьялары баяндама жасады. Екі cессиядан тұратын конференция жұмысына белгілі тарихшылар, заңгерлер, филолог ғалымдар, зерттеушілер мен жазушылардың 20 ғылыми баяндамасы оқылды. Аталған баяндамаларда Қазақ хандығындағы мемлекеттік басқару ісі, билер сотының рөлі және қазақтардың дәстүрлі құқығы, билердің шешендік сөз тағылымдары сияқты тақырыптары кеңінен талқыланды.
Сонымен қатар Павлодар облыстық Сотының базасында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Қазақ тілі кафедрасының жүргізген ғылыми – зерттеу жұмысының нәтижесі ретінде жазылған «Ұлы Дала өсиетнамасы» атты оқу құралының тұсаукесері болып, конференция қатысушыларының қызметіне көмекші құрал ретінде таратылды. Оқу құралы Жоғарғы Сот қызметкерлерінің атынан өте жоғары бағаға ие болды.
С. Торайғыров атындағы ПМУ-дің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Айман Зейнулина өз сөзінде биылғы жыл ел мерейін өсірген жыл болды және өзіне тән тарихи құндылығымен ұрпақ жадында сақталары сөзсіз екенін айтып өтті. «Қазақ Елінің Ата Заңының, Ұлттық Ынтымақтастық, Ұлы Жеңіс мерейтойлары, ал ең бастысы, Қазақ хандығының 550 жылдығының мазмұнды шаралармен аталып тойлануы – Ұлы Дала шежіресін қайта жаңғыртқандай болды. Қазақ Елінің кешегісі мен бүгінгі тарихын түгендеп, болашақтың бағытын бағамдайтын күн туды», - деп өз ойымен бөлісті Айман Файзоллақызы.
Іс-шара аясында Ғылыми зерттеу орталығы «Кешегі Алаш идеясы – бүгінгі Мәңгілік Қазақ Елі» тақырыбында экспонаттармен тарихи материалдардың арнайы көрмесі, Қазақ хандығы билерінің өмірі мен қызметі туралы кітап, сурет көрмелері ұйымдастырылды. Конференцияға қатысушылардың назарына «Абай Құнанбаев – ұлы би» атты деректі фильм ұсынылды.
Аталған конференция материалдары жеке жинақ болып жарық көретін болады.