С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Серпін – 2050» бағдарламасы республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбеновпен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мейрам Бегентаев және Андрей Бегенеевпен кездесу өтті.
С. Торайғыров атындағы ПМУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысқан кездесуде «Серпін» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырудағы нәтижесі талқыланды.
Кездесу барысында құрметті қонақтар С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың тыныс-тіршілігін көріп, материалдық-техникалық базасымен танысты. Университеттің «Серпін» бағдарламасы бойынша атқарып жатқан жұмыстар мен жүзеге асырып жатқан жобаларға да баға берді. Биыл С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіне алдағы оқу жылына аталмыш бағдарлама бойынша 300-ге жуық грант бөлініп отыр. С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті аталмыш бағдарламаны жүзеге асыратын аймақ бойынша бірден-бір ЖОО болғандықтан, бұл білім ордасында техникалық мамандықтарға айырықша көңіл бөлінуде. Сонымен қатар қонақтар заманауи үлгіде бой көтерген 500 орындық жатақханамен де танысып, оң бағаларын берді.
Мұрат Әбеновтің айтуынша, бүгінгі таңда білікті де білімді мамандарға сұраныс өте жоғары. Сол себепті де білім алып жатқан әрбір студент ертеңгі маман екенін естен шығармағандары абзал. «Мамандарды жоғары деңгейде даярлауда С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті тек аймақта ғана емес, сонымен бірге республика бойынша көш ілгері келеді. Ал осы университетте студенттер «Серпін» жобасы бойынша білім алса, олар еліміздің экономикасы мен осы аймақтың дамуына сүбелі үлесін қосады деп санаймын».
С.Торайғыров атындағы ПМУ түлегі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты М.Бегентаев: «С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік универсиеті кәсібилігі жоғары оқытушылардан құралған мықты команда. Меніңше, аталмыш бағдарлама аймақтарда мамандар тапшылығын төмендетеді деп ойлаймын»- деді.
С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Президент Жолдауындағы индустриалды-инновациялық жобаларды іске асыру мақсатында базалық жоғары мектеп ретінде анықталған 10 жоғары оқу орындарының ішінде Павлодар мемлекеттік университеті де бар. Университет энергетика, металлургия, машинажасау, мұнайхимия салалары бойынша білікті мамандарды даярлайды. Мұнда студенттердің сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған: «Ертіс» ғылыми-технологиялық паркі, трансферт және технологиялардың аймақтық орталығы, инновациялық және ғылыми жұмыстардың аймақтық сайты және 15 ғылыми-тәжірибелік орталықтары сәтті жұмыс жасап жатыр.
Руфина Торпищеваның фотосы