С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Студенттік көктем – 2015» дарынды жастар фестивалі өтті.
Бұл мерекеге С.Торайғыров атындағы ПМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті мен Студенттік филармония ұйытқы болды.
Фестиваль мақсаты студенттердің мәдени, рухани, интеллектуалды дамуына үлес қосу, шығармашылық қабілет-қарымын ашып көрсету және дарынды жастарға қолдау көрсету, дарынды орындаушылар мен ұжымдарды анықтау, олардың шығармашылық әлеуетін іске асыруына жағдай жасау.
Фестивалге С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің барлық факультетінен 67 студенттер және Студенттік филармонияның шығармашылық ұжымдары қатысты. Студенттік филармонияның «Айша бибі» халықтық би студиясының, «Джем» заманауи би студиясының, «Ертіс жұлдыздары» вокалдық студиясының студенттері өз өнерлерін көрсетті.
Өнер додасы эстрадалық ән, хореография және еркін стиль үш номинация бойынша өткізілді. Барлық фестиваль қатысушылары дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Студенттік филармонияның директоры Айнұр Әзімхан «Студенттік көктем – 2015» фестивалінің қатысушыларына өз алғысын білдірді. «Бүгін біз оқу ордамыздың жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған дарындыларын жеңісімен құттықтаймыз. Өнерлілер сайысында бақтарын сынаған барша қатысушыларға тек шығармашылық табыстар тілеймін. Дүниеде көктемнен асқан көркем мезгіл жоқ. Сіздердің жастық көктемгі шақтарыңыз да мағыналы, тағылымды да сәнді өтуіне шын тілектеспін», – жүрекжарды лебізін арнады жастарға Айнұр Әзімханқызы.
Фестиваль соңы гала-концертке ұласты. Концертте университеттің үздік деп танылған өнерпаздары өнер көрсетті.
Руфина Торпищеваның фотосы