2015 жылғы сәуірдің 24-ші жұлдызында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің көліктік техника және логистика кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Әбілхан Қарақаевқа «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнертапқыш» атағы берілді.
Астана қаласындағы «Шабыт» шығармашылық сарайында «Шапағат» өнертапқыш ғалымдар байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде марапаттау рәсіміне республикамыздың әр облысынан ғалымдар қатысты. Солардың қатарында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің көліктік техника және логистика кафедрасының профессоры, т.ғ.д. Әбілхан Қарақаев та болды. Университетіміздің ғалымы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнертапқыш» атағына ие болды.
Оған бұл атақ өнертабыс саласындағы көпжылдық еңбегі үшін және машина моторы мен қозғалқыштары саласында қол жеткізген жетістіктері үшін берілді. Әбілхан Қарақаевтың жасаған жобасының зерттеу нысаны – іштен тұтанатын қозғалтқыштар және жылу қозғалтқыштары.
Ол 1000-ға жуық ғылыми, оқу-әдістемелік және басқа да басылым жұмыстары мен 3 монографияның, 20 оқу әдістемесінің авторы. Сондай-ақ, ғалым 90 авторлық куәліктердің және КСРО, РФ және ҚР инновациялық патенттерінің иегері.
2013 жылдың барлық өтінімі бойынша өнертабыстық жұмысқа 17 өтініш білдірген. Сол жылдың өзінде жұмыстарына оң жауап алып, инновациялық патенттер мен авторлық куәліктерге ие болды. Өнертапқыш ғалымның 2014 жылы зор жетістігі ретінде республикалық өнертабыс «Шапағат» байқауындағы ЖОО ғалымдарының ұжымдық жеңісін атауға болады. Әбілхан Қарақаев байқауда «Ең белсенді өнертапқыш» номинациясының иегері атанды.
Ғалым Әбілхан Қосмырзаұлы: «Көп жылдар бойы жасаған еңбегім мемлекет тарапынан жоғары бағаланып жатқанына өте қуаныштымын. Қазіргі таңда еліміз ғалымдарды жан-жақты қолдауда. Біздер жасап ұсынған жобалар өз жемісін беріп, ел игілігіне қызмет етуде. Міне ғалымға бұдан асқан бақыт жоқ шығар деп санаймын».
Руфина Торпищеваның фотосы