С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Ф.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректоры Алексей Якуб бастаған делегация өкілдерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында жоғары оқу орындары арасындағы бірлескен оқу бағдарламалары, ғылыми және оқу жобалары талқыланды.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры Арын Өрсариев пен Ф. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректоры Алексей Якуб жоғары оқу орындары арасындағы ынтымастық туралы меморандумға, бакалавриат пен магистратура бойынша бірлескен халықаралық бағдарламаларды іске асыруға бағытталған бірқатар келісімге қол қойды.
«Бұл екі жақтық келісім арқылы жүзеге асатын бағдарламалар екі жоғары оқу орны үшін де өзара тиімді. Ал С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің халықаралық оқу бағдарламаларына қатысуы студенттеріміздің еуропалық деңгейдегі жоғары білім алуына үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз», – деп баға берді Арын Амангелдіұлы.
Ф. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінің ректоры Алексей Якубтың мәлімдеуінше, екідипломды білім алудың тиімділігі – жастар өзінің көп уақытын елінде жүріп ресейлік дипломға қол жеткізуге болады. «Бұл қазақстандық ата-аналар үшін өте ыңғайлы және қаражатты да үнемдейді. Сондай-ақ студент бірінші семестрде өз үйінен білім ала береді, тек екінші семестрдің кезінде ғана Ресейге бара алады. Сол себепті жастардың студенттік өмірге бейімделуі жеңіл өтеді», – дейді Алексей Валерьевич.
Университеттер студенттер мен оқытушыларды алмастыру бойынша академиялық ұтқырлық бағдарламаларын және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу бойынша бірлескен оқу бағдарламаларын жүзеге асыратын болады.
Мұнымен қоса екі жақ қазақ тілін оқытудың инновациялық бағдарламаларын және Омбы облысының жоғары оқу орындары мен орта білім беретін мектептеріне арналған оқулықтарды дайындау жұмыстары туралы келісімге келді.
Руфина Торпищеваның фотосы