Жеңістің 70 жылдығы қарсанында С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың С. Бейсембаев атындағы ғылыми кітапханасында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың құрметіне арналған «Вдохновение» клубының отырысы өтті.
Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұлова (1925 - 1944) – мерген, Ұлы Отан соғысы жылдарында 2-ші Балтық маңы фронтының 22-ші әскерінің 54-ші жеке атқыштар бригадасында әскери қызмет атқарған.
Кеңес Одағының Батыры атағы Әлия Нұрмұхамбетқызы Молдағұловаға 1944 жылдың 4 маусымында қайсар батыр қыз дүниеден озған соң берілді. Сонымен қатар Ленин орденімен де марапатталды. Оның есімімен Алматы қаласында көше аталады және оған арналып әндер, кітаптар мен фильмдер жарыққа шықты.
«Әлия Молдағұлова немесе өзі хаттарда есімін Лия деп жазғандай, жас бойжеткен патриотизм мен ерліктің үлгісі боларлықтай. Мен үшін ол халқымыздың көзсіз ерлігінің символы», – дейді Павлодар университетінің агротехнологиялық факультетінің студенті Гүлжан Ешимова.
- Соғыс жайлы сөз еткенде, жерлестерімізді еске алмау мүмкін емес, – дейді көркем әдебиет секторы және Қазақстан халқы кітапханасының кітапханашысы Елена Лиханова. – Майдан даласына 46 мыңнан астам павлодарлықтар аттанып, Сталинградтан Берлинге дейін майдан жолымен жүріп өтті. Соғыс жылдарында 22 мыңға жуық павлодарлықтар қаза тауып, іс-түссіз жоғалып кетті. Кеңес Одағының батырлары И. И. Кривенко, К. Каирбаев, И. А. Скляров, И. Г. Ледовский, С. И. Маковский және т.б. жерлестерімізді мақтан тұтамыз.
Сонымен қатар отырыста «Война ушедшая в поэзию» атты мәнерлеп оқу сайысы өтіп, оған «Орыс филологиясы» кафедрасының студенттері: Мұса Гаухар, Наталья Косенкова, Әйгерім Козкина, Татьяна Дорошенколар қатысты.